Сот ауыл тұрғынын өлтірген үш полицейге шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды - СҚО

Бұл туралы облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлады.
Еске сала кетейік, Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық іс бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының 2014 жылғы 19 мамырдағы үкімімен Т. А. Үмбетов ҚР ҚК 125-бабы 2-бөлімі, «в» тармағы, 96-бабы, 2-бөлігі «к» тармағында көзделген қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылған болатын. Оған 15 жылға бас бостандығынан айыру түрінде жаза кесілді.
Соттың осы үкімімен сотты болған азаматтың екі әріптесі: Е.С. Серікбай мен М.К. Алдамасов айыпты деп танылды. Олар 8 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Бастапқыда сотқа қылмыстық іс СҚО Қызылжар ауданы Соколовка ауылының тұрғыны Е.И. Копты өлтірген үш полицейді айыптау бойынша түскен. Алайда, сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушы Е.С. Серікбай мен М.К Алдамасовты өлтірді деген айыптан босатып, оларды қылмысты жасырғаны үшін айыпты деп тануды сұрады.
Сот үкімімен Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Соколовка ауылында 2013 жылғы 28 сәуірде жәбірленуші Е.И. Копты ұрлап әкетіп, оған өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық көрсетіп өлтіргені үшін полиция қызметкері Т. А. Үмбетов айыпты деп танылды.
Полиция қызметкерлері Е.С. Серікбай мен М.К. Алдамасов жәбірленуші Е.И. Копқа өмірі мен денсаулығына қауіпті зорлық-зомбылық көрсетіп, оны ұрлауға жәрдемдескені және аса ауыр қылмыс - қасақана кісі өлтірілгенін алдын ала уәделеспей жасырғаны үшін айыпты деп танылды.