Сот Bek Air әуе компаниясының мүлкіне шектеу қойды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты қылмыстық іс бойынша кезекті сот отырысы өтті.
 
                                              Түрксіб аудандық сотындағы айыпталушылар орындығы бос тұр. Себебі іс бойынша айыпталушылар ретінде көрсетілген ұшқыштар - Мейіржан Молдақұлов пен Марат Мұратбаев апат кезінде қаза тапқан.
Бүгін сот отырысында прокурор жәбірленушілердің азаматтық талаптарын қамтамасыз ету мақсатында «Bek Air» әуе компаниясының және оның басшысы Нұрлан Жұмасұлтановтың мүлкіне шектеу қою туралы өтініш білдірді.
Төрағалық етуші судья Дастан Алмағамбетов бұл өтінішті ішінара қанағаттандырды.
- Жұмасұлтановтың мүлкіне тыйым салу туралы өтініш қанағаттандырылмайды. Ал «Bek Air» АҚ мүлкіне шектеу қойылады, себебі азаматтық талап қойылған жағдайда сот оның орындалуын қамтамасыз етуге міндетті. Жәбірленушілердің «Bek Air» компаниясына азаматтық талабы бар. Іс материалдарында әуе кемесіне қойылған шектеу бар, бірақ талап сомасы ұшақтардың құнынан әлдеқайда жоғары. Әр ұшақтың құны 46 млн теңге деп бағаланған, ал талап сомасы шамамен 4 млрд теңге, – деп түсіндірді судья.
Осыған байланысты сот «Bek Air» компаниясының 7 әуе кемесіне, қозғалтқыштарына және 4 контейнеріне шектеу қою туралы шешім қабылдады.
Бұған дейін сотта Bek Air ұшақ апатының себебін дәлірек анықтау үшін жасанды интеллект сараптамасын пайдалану ұсынылды.
Сондай-ақ сот-медициналық сарапшы әуе кемесінің апаты бойынша өз қорытындысын жариялады.
Еске салайық, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан Астана қаласына ұшып шыққан «Bek Air» компаниясының ұшағы радардан жоғалып кетті.
Кейін 95 жолаушысы және 5 экипаж мүшесі бар ұшақтың апатқа ұшырағаны мәлім болды.
Ұшақ жерге құлаған соң сырғанап барып әуежай аумағына жақын тұстағы ауыл шетіндегі екі қабатты үйге соғылған. Салдарынан 12 адам қаза тапты. Осыдан кейін «Bek Air» әуе компаниясына тиесілі тоғыз Fokker-100 ұшағының қызметі тоқтатылды.
2021 жылы Алматы облысының Талғар аудандық соты әуежай маңындағы жер учаскелерін заңсыз сатқан бұрынғы шенеуніктер мен риэлторға қатысты үкім шығарды.