Колорадо соты Дональд Трампқа сайлауға түсуге тыйым салды

Американың Колорадо штатының Жоғарғы соты бұрынғы президент Дональд Трампты 2024 жылы АҚШ-та өтетін президент сайлауына үміткерлер тізімінен шығару шешімін қабылдады. Бұл 2021 жылдың 6 қаңтарындағы оқиғаға Д.Трамптың рөліне қатысты болып отыр. Ол кезде экс-президенттің жақтастары Джо Байденнің жеңіске жетуіне қарсылық білдіріп, Капитолийге басып кірген еді. Kazinform бұл туралы ВВС-ге сілтеме жасап хабарлайды.

дональд трамп
Фото: pixabay

Сот 4:3 дауыспен шешім шығарып, Республикалық партиядан үміткер Д.Трампқа «АҚШ үкіметіне қарсы зорлық-зомбылыққа араңдатудағы» рөліне байланысты Конституция оған 2024 жылғы сайлауға түсуге тыйым салады деп ұйғарды. 

Сот шешімі Колорадода 5 наурызда өтетін Республикалық партияның праймеризіне ғана қатысты. Алайда, бұл шешім Трамптың 5 қарашадағы жалпы сайлаудағы статусына әсер етуі мүмкін.

Шешімнің күшіне енуі апелляция берілгенге дейін кейінге қалдырылды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Нью-Йорк судьясы Дональд Трамп пен оның ұлдарын алаяқтық бойынша кінәлі деп таныды. Трамптар 10 жылға жуық уақыт жалған қаржылық есептер беріп келген. Отбасылық – Trump Organization компаниясының бизнес сертификаты тоқтатылады. Ал оның 2020 жылғы президент сайлауы нәтижесін жоюға талпынуына қатысты іс 2024 жылдың 4 наурызда қайта қаралатын болды. 

Айта кетейік, 77 жастағы Дональд Трамп келесі жылы президент сайлауына қатысуға ниетті және Республика партиясының кандидаты болуға үміткерлер арасында көш бастап тұр.

Америкада президент сайлауы 2024 жылдың 5 қарашасында өтеді. 

Соңғы жаңалықтар