Сот Қарағандыдағы үш риелторлық агенттіктің директорын қамауға алды
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - «Позитив», «Шығыс» және «Квартирный вопрос» жылжымайтын мүлік агенттіктерінің директорлары пәтерге қатысты алаяқтық жасап, 40-тан аса қарағандылық тұрғынды алдап соқты деген күдікпен екі ай мерзімге қамауға алынды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Қарағанды облыстық соты баспасөз қызметінің басшысы Гүлбаршын Жітікованың мәлімдеуінше, Қарағандының Қазыбек би аудандық №1 сотының тергеуші судьясы кәсіпкерді екі айға қамауға алу үкімін шығарды.
«Күдіктінің кінәлі немесе кінәсіз екендігін судья әзірге тексерген жоқ. «Қамауға алу» жөніндегі бұлтартпау шарасы тексеріс әділдігі мен жәбірленушілерге қысым көрсетілуінің алдын алу мақсатында тағайындалды. Бұлтартпау шарасының мерзімі - екі ай», - деді Гүлбаршын Жітікова.
Үш риелторлық агенттіктің директоры ІІМ-нің қылмыстық атқару жүйесі комитеті департаментінің тергеу оқшаулағышына қамауға алынды. Күдікті телефон номерлерін ашық дерек көздерінен - жылжымайтын мүлік жайлы мамандандырылған сайттардан және газет беттеріндегі хабарламалардан алғандығын айтып, алаяқтыққа қатысты кінәсін мойындамай отыр.
Бұдан өзге, әр клиент тұрғын үй іздеу нәтижесінің қандай болатындығына қызмет көрсетуші жауапты емес деген келісімге қол қойған. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 190-бабы, 2 бөлімінде көзделген «бірнеше рет қайталанған алаяқтық» бойынша қозғалды.
Айта кетейік, 24 тамыз күні полиция қызметкерлері пәтерлерге қатысты 40-қа жуық алаяқтық әрекетке күдікті үш риелторлық агенттіктің директорын ұстаған болатын. Полицияның әртүрлі бөлімшелеріне - Оңтүстік Шығыс, орталық және Кировский 40-тан астам арыз келіп түскен. Барлық жәбірленушілер тергеушіге жалға пәтер аламыз деп хабарласқан агенттіктерінен жарамсыз телефон номерлерін алғандығын мәлімдеген. Оның үстіне азаматтар пәтерлер жайлы жалған ақпараттарды ақшалай сыйақыға алған.