Сот лауазымдарына іріктеу ісін жетілдіре түсу керек - Қасым-Жомарт Тоқаев
АСТАНA. KAZINFORM – Сот кадрларын даярлауға қатысты жаңа ұстанымдар әзірлеу керек. Бұл туралы Қазақстан судьяларының съезінде ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті.
«Сот мамандарын іріктеуге және олардың құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет. Мемлекет судьялардың сот төрелігін әділ және бейтарап іске асыруы үшін қажетті жағдайды жасады. Енді бәрі сала мамандарының қолында. Сондықтан елімізге жоғары білікті және тәжірибелі кадрлар қажет. Ең алдымен, сот лауазымдарына іріктеу ісін жетілдіре түсу керек, оның әділ өтуін қамтамасыз етке жөн. Бұл жұмыста цифрлық технологияны қолданған абзал. Бұдан бөлек, сот кадрларын даярлауға қатысты жаңа ұстанымдар әзірлеу керек. Халықаралық озық тәжірибені ескеру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Президент Сот төрелігі академиясының жұмысына тоқталды.
«Биыл шілде айынан бастап Сот төрелігі академиясы Жоғағы сот кеңесінің құзырына өтті. Мен 2022 жылы Жолдауда Жоғары сот кеңесінің мәртебесін нығайту туралы айттым. Яғни, нақты кадрлық құзыреті бар толыққанды институт құру міндеті қойылды. Академияда үздік нәтиже көрсеткен түлектерге соттардағы бос лауазымды таңдау құқығы берілуі керек. Бірақ ҚР Жоғарғы сот судьяларды дайындау ісінен қол үзбеуі тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасы судьяларының IX съезі басталды.