Сот отырысының аудармашыларына неге жалақы аз төленеді

судья
Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада сот отырысына қатысатын аудармашылардың мәселесі қаралды. 

«Қазақ тілінде өткен сот отырысында қатысушы тараптар орыс тіліне аударуды сұрағанда мәселе аудармашыларға келіп тірелетіні анық. Аудармашыға мемлекет тарапынан төленетін қаржы Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің 1992 жылғы қаулысына негізделген. Оған 32 жыл бойы өзгеріс енгізілмеген. Төленетін қаржы сомасы қазіргі нарық талабына сай емес. Нақты айтсақ, аудармашының сотқа 1 сағатқа қатысу құны 329 тенге, яғни бір іс бойынша шамаман 2000-4000 теңге шамасында төленеді», - деді Астана қаласының соттарында мемлекеттік тілді қолдану аясын кеңейту және дамыту жұмыстарын үйлестіру комиссиясының төрағасы, судья Айсұлу Сламбекова.

Маманның мәлімдеуінше, Министрлер кабинетінің 1992 жылғы қаулысына өзгеріс енгізу бір күндік жұмыс емес. Сондықтан елорда соты мәселенің шешу жолын басқаша қарастырған.

«Сот қызметкерлерінің ішінен филология бойынша жоғарғы білімі бар мамандар іріктеп алынып, олар даярлық курсынан өтті. Арнайы сертификаты бар мамандар, қажет жағдайда сот істеріне аудармашы ретінде тартылады. Бұған қатысты қалалық сот төрағасының арнайы өкімі бар», - дейді ол.

Айта кетсек, Астанада әрбір төртінші қылмыстық іс қазақ тілінде қаралады.

Бүгін елордада қалалық соттың ұйымдастыруымен «Сот төрелігін мемлекеттік тілде жүзеге асыру мәселелері» атты дөңгелек үстел өтті.

Шараға судьялар, адвокаттар, Мәжіліс депутаттары мен тіл мамандары қатысты.

Соңғы жаңалықтар