Сот отырысы: Банкир Тәтішевтің артынан ҰҚК экс-басшысы бақылау жүргізген

ТАРАЗ. ҚазАқпарат - Таразда банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деп айыпталып отырған бизнесмен әрі «Депутаттық корпус» ұйымдасқан қылмыстық тобының серкесі Мұратхан Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс бойынша басты сот отырысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Сот Жамбыл облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында өтіп жатыр. «Осы іс бойынша барлығы 135 куәгердің сөзі тыңдалады, 25-і түрлі себептерге орай сотқа келе алмайтынын мәлімдеді, 75-інің жауабы сотта тыңдалады, 40 куәгерден жауап алынып үлгерді», - дейді ҚР Бас прокуратурасының аға прокуроры Ілияс Ысқалиев «ҚазАқпарат» ХАА тілшісіне берген сұхбатында.

ҰҚК бұрынғы қызметкері, комитеттің Ақпараттық жүйелер қызметі (АЖҚ) 1-ші орталығының басшысы лауазымын атқарған Бекболат Қанғожин банкир Тәтішевтің артынан бақылау қалай жүргізілгенін айтып берді.

«Тұран Әлем Банкі» АҚ басқарма төрағасы Ержан Тәтішев бақылауға алынды ма? Егер алынған болса, одан қандай мақсаттар көзделді және оны бақылау бастамасын кім ұсынды?» - деп сұрақ қойылды оған.

«Иә. Мен ҚР ҰҚК АЖҚ 1-ші орталығының бастығы лауазымын атқарған кезімде, шамамен 2004 жылы, дәл есімде жоқ, «Банкир» бүркеншік атымен «Тұран Әлем Банкі» АҚ басқарма төрағасы Ержан Тәтішев орталықтың 6-басқармасының бақылауында болды. Ол жайды маған 3-басқарманың бастығы О.М. Репников айтты. Тәтішевті бақылау жөніндегі нұсқауды оған ҚР ҰҚК төрағасы Н.Н. Дүтбаевтың өзі берген. Өз кезегінде Репников Тәтішевке бақылау орнату жөніндегі нұсқауды ҚР ҰҚК АЖҚ 1-орталығының 6-басқармасының бастығы К.Т. Сәтеновке жеткізген. Өйткені объект Алматыда тұратын еді», - деді Бекболат Қанғожин.

Осылайша, «Банкир» объектісі бойынша ақпараттарды өңдеумен орталықтың 6-басқармасындағы бөлімнің қызметкерлері айналысқан. Алынған ақпараттар Репниковке жіберіліп отырған. Ол өз кезегінде, жүргізілген жұмыстардың нәтижелері жайлы Дүтбаевқа тікелей жеткізіп келген.

Бекболат Қанғожин Тәтішевке қатысты арнайы шаралар нәтижесінде алынған жедел ақпараттар ҰҚК бұрынғы басшысы Дүтбаевқа тікелей берілгендіктен, өзіне келмегендігін жеткізді.

Еске сала кетейік, «ҚазҚұрылысШыны» ЖШС басшысы М. Тоқмәди «Тұран Әлем Банкі» АҚ (қазіргі «БТА банк») Ержан Тәтішевті 2004 жылдың 19 желтоқсанында Жамбыл облысы Қордай ауданы Отар стансасы маңында аңшылыққа шыққан кезде атып өлтіргенін мойындаған. Оның өліміне аталған бактің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов тапсырыс берген.

Бұдан бөлек, жемқорлық жасағанын - ҚР ІІМ Тергеу-жедел тобының басшысы Ержан Артықбаевқа ақшалай сыйақы бергенін де мойнына алған. Енді М.Тоқмәдиге 1997 жылғы редакциядағы ҚР ҚК 96-бабы 2-бөлімі «ж», «з» тармақтарында (адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған, пайда табу мақсатымен, сол сияқты жалданып не қарақшылықпен, қорқытып алушылықпен не бандитизммен адам өлтіру) қарастырылған қылмыстар жасады деген айып тағылуда.

Сот барысында айыпталушы өзіне тағылған айыптардың бәрі негізді екенін айтып, Ержан Тәтішевті өлтіргендігін толықтай мойындаған болатын.

Е. Тәтішевтің өлімі бойынша М. Тоқмәдиге қатысты қылмыстық іс 79 томнан тұрады. Процеске судья Азамат Тілепов төрағалық етуде.

Соңғы жаңалықтар