22:50, 20 Қаңтар 2015 | GMT +5
Сот шешімімен иесіз қалған пәтер коммуналдық меншікке берілді - БҚО
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бөрлі аудандық сотының шешімімен бұрын Ақсай қаласының тұрғыны С-ға тиесілі болған пәтер иесіз қалған мүлік деп танылып, коммуналдық меншікке берілді.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 91 жасқа қараған шағында 2007 жылдың мамыр айында қайтыс болған марқұмның артында Ақсай қаласында жекешендірілген пәтері қалған. Аталған жылжымайтын мүлікті ешкім өсиет бойынша да, заң бойынша да мұраға қабылдамаған.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 1083-бабына сәйкес, егер өсиет бойынша да, заң бойынша да мұрагерлер болмаса не мұрагерлердiң ешқайсысының мұра алуға құқығы болмаса, не олардың бірі мұрадан бас тартса, мұра иесiз қалған мүлік деп танылады. Сөйтіп, аталған пәтерді иесiз қалған мүлік деп тану туралы сотқа жүгінген Бөрлі ауданы әкімінің талапарызы қанағаттандырылды.