Сот шешіміне наразылықтан өзін өртеген әйелдің ісі: Судья ақталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Əділетсіз үкім шығарды деп айыпталған судья Өмірзақ Серімов ақталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.
None
None

Медеу аудандық  сотының судьясы Фаррух Омаров осындай үкім шығарды.

«ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарды деп айыпталған  Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімовтің кінəсі дəлелденген жоқ. Сондықтан, сотталушы ақталсын», - деді судья.

Судья сонымен қатар, сотталушыны бұлтартпау шарасын бұзуға шешім шығарды.

Айта кету керек, қайғылы оқиға 2012 жылы болған еді. 5 баланың анасы, 57 жастағы әйел Светлана Тұрғамбаева үйін тартып алуға келген сот орындаушыларының, көршілерінің, отбасының алдында бензин құйып, өзін өзі өртеп жіберген болатын.

Денесінің 85 пайызын күйік шалған әйел ауруханада үш күннен соң қайтыс болды.

Қоржымбаевтар отбасы бұл үйді 2010 жылы 6 сәуірде Мыңбаева Баян деген келіншектен сатып алған. Алдыңғы қожайыны оны азаматтық некедегі күйеуі қайтыс болғанда мұра ретінде рәсімдеп алған екен. Мыңбаеваның некесін Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов 2009 жылы заңды деп тапқан.

Бір жылдан соң қайтыс болған ер адамның інісі Масақов Миллетхан «мен жалғыз мұрагермін» деп арыздана бастайды. Содан соң судья Серімов өзінің некені заңды деп тапқан шешімін жоққа шығарады.

Соның кесірінен Мыңбаева заңды мұрагер болмағандықтан, Қоржымбаевтардың сатып алу туралы шарты да заңсыз деп танылады.

Үйдің бұрынғы иесі мен Мыңбаеваның некесін заңды деп тапқан, кейін өзінің шешімін қайтып алған Алатау ауданының судьясы Өмірзақ Серімов қайғылы оқиғадан соң 2 айдан кейін жұмысына жарамсыз деп қызметінен шеттетіледі.

 Алатау ауданының бұрынғы судьясы Өмірзақ Серімов ҚР ҚК 350-бабының 2-бөлімі, 307-бабының 4-бөлімі бойынша өзінің өкілеттігін асыра пайдаланып, көрінеу әділетсіз шешім шығарғаны үшін айыпталған болатын. 

Соңғы жаңалықтар