Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға болмайды – Айдос Сарым

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда азаматтарды сот шешімінсіз тұрғын үйінен айыруға жол бермеу қағидаты заңнамалық тұрғыда күшейтілуі мүмкін. Бұл туралы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айдос Сарым Jibek Joly телеарнасының Live бағдарламасында мәлімдеді.

Айдос Сарым
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

Депутаттың айтуынша, аталған норма Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында көтерген бастамасынан кейін жан-жақты талқыланған. 

– Бұл норманың қалай туындағанын айтып өтейін. Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында осы мәселені арнайы көтерді. Президентке он мыңнан астам ұсыныс түсті, соның ішінде бұл проблема бар екені айтылды. Осыған байланысты біз бір отырысымызды толықтай осы тақырыпқа арнадық, – деді Айдос Сарым.

Оның сөзінше, Арнайы жұмыс тобы халықаралық құжаттарды, отбасылық және әлеуметтік сипаттағы жағдайларды саралап, құқықтық тетіктерді зерделеген.

– Талқылауға Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен Бала құқықтары жөніндегі уәкіл қатысып, мәселенің өзектілігін растады. Сонымен қатар халықаралық құжаттардағы ұстанымдарды зерттедік. Нәтижесінде ұсыныстар әзірленіп, тиісті норма заң жобасына енгізілді, – деді депутат.

Айдос Сарым жаңа өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың жалғыз баспанасын қорғау екенін атап өтті. Әсіресе несие міндеттемелері, экономикалық даулар немесе ажырасу секілді жағдайларда отбасының әлеуметтік ахуалы ескерілмек.

– Егер заңды рәсім болмаса, мысалы қыстың күні адамды далаға шығарып жіберуге болмайды. Егер бұл жалғыз мүлік болса, оны тартып алуға болмайды деген принциптерді кешенді түрде Ата заңға енгізіп жатырмыз, – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Конституциялық комиссияның отырысында Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Балалар мүддесі аясында баспанадан шығаруға жол бермейтін кепілдіктер бекіту маңызды екендігін айтқан еді.

 

Соңғы жаңалықтар