Сот Талдықорғанда бала өліміне себепші болған күдіктінің неге изоляторға қамалмағанын түсіндірді

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Талдықорғанда 3 жастағы баланың өліміне қатысы бар күдіктінің не себепті үйқамаққа алынғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сот Талдықорғанда бала өліміне себепші болған күдіктінің неге изоляторға қамалмағанын түсіндірді

Жетісу облысы Талдықорған қаласының мамандандырылған тергеу сотына іс 2022 жылдың қыркүйек айының 14-і күні түскен.

«Талдықорған қаласы полиция басқармасынан ҚК-нің 106-бабы 3-бөлігімен А.А. күзетпен ұстау бұлтартпау шарасын санкциялау туралы өтініш түсті. Тергеу органдары А.А. 9 қыркүйекте денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiретін іс-әрекет жасап, соның салдары абайсызда бала өліміне әкеп соққан деп күдіктенеді. Сот 14 қыркүйекте сот қаулысымен тергеушінің өтінішін қанағаттандырудан бас тартып, 1999 жылы туған күдікті А.А. үйқамақ бұлтартпау шарасын қолданды» делінген Талдықорған қаласы мамандандырылған тергеу сотының хабарламасында.

Аталған қаулыға мына жағдайлар негіз болған:

Күдікті А.А. 1999 жылы туған, қыз бала, тұрақты мекенжайы бар, анасымен және өзінен кіші бауырларымен бірге тұрады, Астана қаласында магистратурада оқиды, бұрын сотты болмаған, тергеуден қашпаған, кедергі келтірмеген, кінәсін мойындаған, қылмыстың тек ауыр болғаны үшін ғана қамау сот тәжірибесіне қарама-қайшы, ҚПК 136-бабының 2-бөлігінде көрсетілгендей тек ауырлығы бойынша күзетпен ұстау қолданылатын қылмысқа жатпайды.

Тергеу сотының қаулысы Жоғарғы Сотының 24 қаңтар 2020 жылғы «Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының талаптарына сай қабылданған.

«19 қыркүйекте келтірілген қала прокурорының жеке өтінішхаты бойынша тергеу судьясының қаулысы материалмен бірге апелляциялық тәртіпте қаралу үшін облыстық сотқа жолданды»- деп хабарлады сот.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Талдықорғанда 3 жасар баланың өліміне қатысы бар деген күдікпен бала күтушінің ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.