Сот үкімімен келіспеймін, шағым түсіремін - Елжан Біртанов

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов өзіне шыққан сот үкімімен келіспейтінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі үкімге ішінара қанағаттандым деуге болады, санавиация эпизодтары бойынша кінәсіз деп танылдым. Ал платформа эпизодына келсек, әрине бұл шешіммен келіспеймін, менің еш кінәм жоқ деп есептеймін. Заңға сәйкес, менің бұл үкімге шағымдануға құқығым бар. Біз оны міндетті түрде қолданамыз, сондықтан мәселе әлі де ашық қалады. Біз күресуді жалғастырамыз, өзіміздің дұрыстығымызды дәлелдейміз», - деді Е. Біртанов сот отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.

Экс министрдің айтуынша, цифрлық платформа бойынша эпизодта айыптаушы тарап нұсқасы еш нәрсемен дәлелденбеген және еш айғақ жоқ.

«Бұл платформа – айтарлықтай тиімді өнім, оны пайдалану керек және оны ешкім жасырмайды. Сондықтан, бізге денсаулық сақтау министрлігінің талап арызы түсініксіз. О. Әбішев екеуміз неге 1,5 миллиард теңге қайтаруымыз керек? Бұл ақша хорватиялық компанияның шотына түсті. Егер денсаулық сақтау министрлігі өз мүддесі бұзылды деп санаса, қаражатты хорватиялық компаниядан өндіріп алуы керек деп ойлаймын. Хорватиялық компания да шетте қалмайды, өйткені шешімнің өзі даулы», - деді Е. Біртанов.

Елжан Біртанов қазір эмоцияларға орын жоқтығын, адвокаттарымен кеңесіп, өз тарапынан еш қылмыс жасалмағанынын дәлелдейтінін айтты.

«Бостандығымды шектеу кезінде Астанада боламын. Жұмыс істеймін. Медициналық компанияда басқарушы болып жұмыс істеймін. Келтірілген залалды қалай өтейтінімді жоспарламадым, өйткені бұл мүмкін емес. Өте көп қаражат. Өздеріңіз есептеп көріңіздер, менде бизнес жоқ, жалданып жұмыс істеймін. Шешім әлі күшіне енген жоқ. «Өлтірілмеген аюдың терісін бөлуге» әлі ерте. Шағым түсіреміз», - деді Елжан Біртанов.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Сарыарқа ауданының №2 сотында бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевтің ісіне қатысты сот үкімі шықты.

Еске сала кетсек, бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.

Тергеу материалы бойынша, Елжан Біртанов пен оның орынбасары Олжас Әбішевке «Ericsson Nicola Tesla» компаниясының қызметін қолдану кезінде «лауазымдық өкілетін теріс пайдалану» арқылы мемлекетке 1,5 млрд теңге шығын келтірді деген айып тағылған.

Бұған дейін прокурор Бауыржан Шекенов соттағы жарыссөз кезінде денсаулық сақтау министрлігінің бұрынғы басшысы Елжан Біртановты 6 жылға бас бостандығынын айыруды сұраған еді.


Соңғы жаңалықтар