Сот залынан айыпталушылардың видеосы тарап кетті: тексеріс жүріп жатыр
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

Айыпталушы тараптың туыстары сот залынан сотталушылардың видеосы әлеуметтік желіде тарап жатқанын айтып, шағымданды. Оның ішінде кәмелетке толмаған бала да бар екенін жеткізді.
— Бұл бойынша сот тексеру жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі қосымша хабарланатын болады, — деді судья Ержан Жанұзақов.
Айта кетейік, айыпталушылар орындығында тоғыз адам бар, олардың бірі кәмелетке толмаған.
Бұрын сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді.
Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді.
Оған дейін сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.
Екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.
Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.
Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.