Сот жұмыстан заңсыз шығарылған мектеп директорын қайта орналастырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қостанай облысының Денисов аудандық соты Денисов ауылындағы орта мектеп директорын жұмысқа қайта алу, мәжбүрлі жұмыссыз жүрген мерзімдегі еңбекақысын және моральдық залалды өндіру туралы азаматтық істі қарады.
None
None

Азаматтық іс материалдары бойынша, азаматша М. 1986 жылдан бастап мектеп директоры болып қызмет істеген. Осы жылдар ішінде оқу орны тек ауданда ғана емес, облыс бойынша алдыңғы қатарлы білім ошағы ретінде танылған. Оқушылар білім көрсеткіші жағынан өте жақсы жетістіктерге қол жеткізіп, бірнеше рет «Алтын белгі» алған. Мектеп басшысының атына түскен алғысхаттар да жоқ емес. Ал биылғы 18 мамырда «Денисов орта мектебі» ММ мемлекеттік аттестациядан сүрінбей өткен.

Сот талқылау барысында талапкер қолданыстағы ҚР Еңбек кодексіне сай бір ай мерзім бұрын жазбаша ескертусіз жұмыстан шығарылғаны анықталды.

Азаматша М.-мен еңбек шартын бұзу туралы бұйрықта ҚР Еңбек кодексінің 51-бабының 2-бөліміне сілтеме жасалып, еңбек келісімшарты оның мерзімінің өтуіне байланысты бұзылғандығы нақтыланады. Алайда, құжатта келісімшарттың қашан бекітілгені және оның мерзімі қашан аяқталғаны көрсетілмеген. Жауапкер мен талапкер арасындағы еңбек қарым-қатынасы мерзімсіз сипатқа ие болды.

Сот талапкерді жұмыстан шығаруға негіз таппай «Денисов орта мектебі» ММ директоры М.-мен еңбек келісімшартын бұзу туралы «Денисов аудандық білім бөлімі» ММ бұйрығын заңсыз деп танып, күшін жойды.

Сонымен қатар, сот шешіміне сәйкес талапкер пайдасына 72 200 теңге көлемінде еңбекақы, 30 мың теңге моральдық залал өтемі және 10 мың теңге соттағы өкіл қызметіне шығын өтемі өндірілді.

Жұмысқа қайта орналастыру және «Денисов аудандық білім бөлімі» ММ-нен жалақы өндіру туралы шешімнің шұғыл орындалуы туралы қаулы шығарылды.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар