Сотта Ернар Жиембай Руслан Берденовтен бірнеше мәрте кешірім сұрады
ШЫМКЕНТ. KAZINFORM — Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот тыңдалымы жалғасып жатыр.

Отырыста айыпталушы Ернар Жиембай сөз алып, жәбірленушіден бірнеше рет кешірім сұрады.
— Сізден кешірім сұраймын, деніңізге саулық тілеймін. Осындай оқыс оқиға болып қалды. Өлтіргім келмеді. Өлтіруге ниетім де болған жоқ. Сізді сыйлаймын, құрметтеймін. Осы оқиға болса да, болмаса да, сізді өмірімнің соңына дейін құрметтеймін. Алла жазса, бостандыққа шықсам, ер жігіт ретінде алдыңызға келіп кешірім сұраймын, — деді ол.
Алайда Руслан Берденов айыпталушы әділ жазасын алуы керек деп талап етті.
— Сенің алғашқы атқан оғың тура басыма бағытталды. Бұл бейнематериалдардан да көрініп тұр. «Өлтіргім келмеді» дегенің жалған әңгіме. Мені Алланың құдіреті ғана құтқарды. Өкпемнің 20 пайызы алынып тасталды, бауырымды шашып, қайта жинады, бес сағат бойы ота жасалды, — деді жәбірленуші.
Ал Ернар Жиембай сөзінде отбасы мен бала-шағаның бір-бірімен жауласып кетпейін қалайтынын айтып, кінәсін мойындады.
— Руслан Арысбекұлы, сізден кешірім сұраймын. Менің кесірімнен екі отбасы, бала-шағамыз жауласып кетпесінші. Өтінішім сол ғана. Темір тордың аржағына кетіп барамын. Кінәлі менмін, — деді ол.
Айта кетейік, бұдан бұрын Руслан Берденовке жасалған қастандық туралы іс сотқа жолданғанын жазған болатынбыз.
21 сәуірде Шымкент әкімінің орынбасары Руслан Берденовке қастандық жасалғаны мәлім болған. Ол жарақат алып, ауруханаға түсті.
Руслан Берденов ақпан айының соңында Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалған.