Сотта Талғардың Криминалдық полиция бөлімінің бастығы жауап берді

ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.

Сотта Талғардың Криминалдық полиция бөлімінің бастығы куәлік берді
Фото: Видеодан алынған скрин

Сотта Талғар аудандық полиция басқармасында Криминалдық полиция бөлімінің бастығы міндетін атқарушы Медет Әділжан жауап берді. Ол былтыр 4 қазан күні тергеу қалай жүргенін баяндады.

— Жедел кезекшіден болған оқиға бойынша хабарлама түсті. Сол бойынша аудандық полиция басқармасына бардым. Қарамағымдағы қызметкерлерді оқиға бойынша көтердім, іс бойынша әр қызметкерге тапсырма бердім. Ол жақтан оқиға орнына бардым. Істің мән-жайын біліп, белгіленген жұмыс бойынша жұмыс істедік, — деді ол.

Сонымен қатар Медет Әділжан 4 қазан күні емханада жәбірленуші жатқанын біліп, оған барғанын атап өтті. Емханада ол Нұрқанат Ғайыпбаевтан жауап алып, оны камераға түсірген. Оның айтуынша, сол кезде жәбірленуші Шерзатқа пышақ сұққан азамат ретінде Абзал Шынасылдың, ал өзіне пышақ сілтеді деп Азамат Тоқтаубаевтың суретін көрсеткен.

Прокурор полиция өкілінен Н.Ғайыпбаевты бейнежазбаға түсіруі қаншалықты заңды болғанын және қандай қаулы не бапқа негізделе отырып істелгенін сұрады. Бұл сұрақты бірнеше рет адвокаттар мен судья да нақтылап өтті.

— Бейнежазбаға тергеуші тарапынан ешқандай қаулы болған жоқ. Өз басым қылмысты, куәгер мен күдіктілерді анықтау мақсатында түсірдім, — деді Криминалдық полиция бөлімінің бастығы.

Бұрын сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді.

Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер куәлік берді.

Оған дейін сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.

Екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.

Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.

Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады. 

Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.

Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік. 

2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады. 

2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасы өлі табылды. 

Соңғы жаңалықтар