Сотталған вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Алматыға ауыстырылды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша сотталған белгілі вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Алматыдағы колонияға ауыстырылды.
Бұл туралы Мейіржан Төребаевтің әйелі Дана Есеева әлеуметтік желіде айтқан болатын. Аталған деректі ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінде растады.
– Алматы қаласы мекемесінде ұсталатын адамдар лимитінің ұлғаюына байланысты бірқатар сотталған адам, оның ішінде сіз көрсеткендер тұрғылықты жері бойынша этаппен жөнелтілді. Қылмыстық-атқару заңнамасының талаптарына сәйкес өзге де ақпарат жария етілуге жатпайды, - деп хабарлады ҚАЖК баспасөз қызметі.
Бұған дейін олар Павлодар облысының №44 мекемесінде болған еді.
Еске салайық, былтыр маусым айында Алматыда Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құру ісі бойынша сот үкімі шыққан болатын. Аталған іс бойынша вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов 5 жылға сотталды.
Сондай-ақ қаржы пирамидасын құрды деп сотталған Мейіржан Төребаевтың әйелі Дана Есеева әлеуметтік желіде күйеуі мен балаларының видеосын жариялағанын жазғанбыз.
Кейін Павлодар облысы қылмыстық-атқару жүйесі департаменті сотталушы Мейіржан Төребаевтың неге үйіне жіберілгенін түсіндірді.
Осы жылдың басында вайнерлер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов сотқа аппеляциялық шағым түсірді. Алайда апелляциялық сот вайнерлерге қатысты үкімді өзгеріссіз қалдырды.