Сотталғандар неге қайталап қылмыс жасайды – Комитет жауабы
АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрлігі Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мамандары сотталғандар арасында қылмыс әлемінің субмәдениетіне бой ұсынғандардың мәселесі өзекті екенін растап отыр.

«Мұндай жағдайда олар ұсынылған көмекті қабылдауды былай қойып, қылмыстық атқару жүйесінің қызметіне белсенді түрде кедергі келтіріп бағады. Үкім мен жаза ол адамдарды өзгерте алмайды. Кесілген мерзімді өтеп шыққан соң қайталап қылмысқа ұрынады», - делінген Kazinform сауалына жолданған жауапта.
Қылмыстық атқару жүйесінің мамандары сотталғандардың режимге бойұсынудан гөрі қылмыстық субмәдениетке бейім болуына бірнеше фактор әсер ететінін айтады.
«Әдетте, ондай адамдар 1-2 рет емес, бірнеше рет сотталған болып шығады. Оларды заңды сақтайтын өмір жолына салу іс жүзінде мүмкін емес. Жататын орны бар, қажет деген дүниенің бәрін абақты қамтамасыз етеді. Осының бәрін ескерсек, сотталған адам жаза мерзімі біткеннен кейін айлап қана бостандықта жүріп, қайта оралады. Осылайша өмірінің көбі түрмеде өтеді. Мұның бәрі сотталған адамның өмірге масылдық түсінікпен қарауын тудырады», - делінген комитет жауабында.