Сотталғандарды жазадан босатуға негіз болатын аурулар тізімі жаңарды
АСТАНА. KAZINFORM — Денсаулық сақтау министрлігі сотталғандарды жазадан босатуға негіз болатын аурулар тізімін кеңейтуді ұсынып отыр. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

— Сотталғандар арасында өлім-жітімді азайту және ауыр науқастардың денсаулығын сақтау мақсатында жазадан босатуға негіз болатын аурулардың тізімін өзектендіру мақсатында тиісті жоба әзірленді, — делінген құжатта.
Жазадан босатуға негіз болатын аурулардың тізімі келесі дерт түрлерімен толықтырылып отыр:
— бауыр циррозы;
— созылмалы бүйрек ауруы;
— ауыр дәрежедегі созылмалы өкпе ауруы, сондай-ақ гормонға тәуелді аурулар.
Құжат жобасы 2025 жылғы 5 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.
Айта кетсек, таяуда Ішкі істер министрлігі түрмедегі әйелдердің жағдайын жеңілдететін құжат жобасын қоғамның талқысына ұсынған еді.