17:30, 13 Наурыз 2014 | GMT +5
Сотталушылардың құқықтарын қамтамасыз ету жұмыстарына қол ұшын беруге дайынбыз - Қ. Қасымов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Сотталушылардың құқықтарын қамтамасыз ету жұмыстарына қол ұшын беруге дайынбыз. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай деді.
«Ұлттық сақтандыру тетіктеріне қатысушылардың сотталушылар құқықтарын қамтамасыз етудегі заңды қызметтерін жүзеге асырудағы тиімді жұмыстарына жәрдем беруге дайын екендігімізді айтқым келеді», - деді ол.
Сонымен бірге, Қ.Қасымов бұл бағыттағы маңызды міндеттердің бірі сотталушылардың медициналық көмек алудағы құқығын қамтамасыз ету болып отырғандығын баса айтты.
«Сотталушыларды профилактикалық тексеру тұрақты түрде жүргізілуде. Оған денсаулық сақтау саласының аймақтық органдарының дәрігерлері де тартылады. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі жұқпалы аурулардың таралу мәселелеріне қатысты ақпараттық түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде», - деді министр.