02:05, 12 Желтоқсан 2014 | GMT +5
Соттар қызметі туралы ең үздік материалдар байқауының жеңімпаздары анықталды - ОҚО
АСТАНА. ҚазАқпарат - Оңтүстік Қазақстан облыстық сотында Қазақстан Республикасының Судьялар одағы мен Қазақстан Журналистер одағы және «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының жыл басында ұйымдастырған облыс соттары қызметін баспасөз беттерінде үздік көрсеткен журналистік жұмыстарға жарияланған конкурс қорытындыланды.
Қазылар алқасы сараптау барысында материалдардың сапасына, көкейкестілігі мен мәнділігіне көңіл аударды, деп хабарлайды облыстық соттың баспасөз қызметінен. Конкурстық комиссияның шешімімен, оған қатысқан журналистер арасында бірінші орынды Оңтүстік Қазақстан облысы соттарының қызметі туралы басылымдарда 34 мақаласы жарық көрген «Заң» газетінің облыстағы тілшісі Шадияр Мекенбайұлы, екінші орынды «Южный Казахстан» облыстық газетінің тілшісі Татьяна Корецкая, ал үшінші орынды «Қазақстан-Шымкент» телеарнасының редакторы Төребек Байтас иеленді. Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі Тәуелсіздік күні қарсаңында - 15 желтоқсанда облыстық сот ғимаратында салтанатты жиын барысында өтеді.