Сөз энергиясы: Қазақ салтында қандай жағдайда теріс бата берілген

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақ халқының ғасырлардан жалғасқан бата беру дәстүрінде ақ тілекпен қатар теріс бата, яғни қарғыс бата ұғымы да бар. Ол қандай жағдайда берілген? Теріс батаның тәрбиелік мәні неде? Астанада өткен әдеби-танымдық кездесуде жазушы, тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкен мен батагөй қария Пәрменбек Жұмабайұлы осы мәселелерге қатысты пікір білдірді.

қарғыс
Фото: Kazinform / ЖИ

Елордада қазақ халқының бата беру дәстүрінің тарихы мен бүгінгі жалғасы талқыланған әдеби-танымдық кездесу өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, батагөй қариялар мен мәдениет саласының мамандары қатысты.

кездесу
Фото: Kazinform

Жиында қазақ танымындағы батаның орны, оның тарихи мәні, тәрбиелік маңызы және бүгінгі қоғамдағы жалғастығы сөз болды.

Бата – ұрпаққа бағыт беретін рухани мұра

Қазақ танымында бата сұрау да, бата беру де үлкен жауапкершілік саналған. Бұрын ел ішінде беделді би-шешендерден, батырлардан, ақын-жыраулардан, абыз ақсақалдардан бата алу үлкен мәртебе болған. Жасы үлкен, елге сыйлы аналардың да батасы ерекше қадірленген.

Пәрменбек Жұмабайұлының айтуынша, бата қазақ қоғамында жай ғана ізгі тілек емес, ұрпаққа бағыт-бағдар беретін, елдік мұратты бекемдейтін рухани институт.

батагөй қария Пәрменбек Жұмабайұлы
Фото: Kazinform

– Батаның шарапаты, шарты оның ұзын-қысқалығында немесе бата беретін кісі жасының үлкен-кішілігінде емес. Еліне, жеріне, күллі адамзатқа ағынан жарылған ақ тілегі болуы, тыңдаушыларын бірлікке, ерлікке, әділдікке, рақымдылыққа, өзара татулыққа шақыруы, келелі іс, пайдалы кеңеске, үлкен-кішілі қуанышқа дер кезіндегі тапқырлығымен жұрт жүрегіндегі арман-мұратты дәл тауып, бата сұраушының дәмелі түпкі жан қалауын дөп басып айтса – жырау, дуалы ауыз батагөй дегеніміз міне осы, – дейді ол.

Тарих ғылымдарының докторы Тұрсынхан Зәкен бата беру дәстүрінің тамыры тереңде жатқанын айтады.

– Бата беру ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрінің бірі. Тарихы ежелден басталады. Көне түркі дәуірінен, ғұн дәуірінен басталады. Көшпелі халықтар алыс сапарға аттанарда үлкендер жақсы тілек айтатын болған. Ежелгі заманда сапарға кетушілер айлап, жылдап кетеді. Сол үшін олардың аман-есен оралуын, жорықтан жеңіспен қайтуын тілеп, артта қалған ел тілекші болып, бата беретін болған. Бет сипап бата беру дәстүрі исламға дейінгі кезеңнен бастау алған ғұрыптардың бірі деп айтуға болады, – дейді ғалым.

асқа бата
Фото: Kazinform / ЖИ

Тұрсынхан Зәкеннің айтуынша, бата беру белгілі бір адамның ғана құқығы болмаған. Сонымен қатар бата айтудың өз әдебі, орны мен уақыты болған.

– Қариялар, батырлар, ел білгірлері бата беретін болған. Әйелдердің бата беруіне келсек, жасы үлкен әйелдер, елдің сөзін сөйлей білетін, беделі бар ел аналары да бата берген. Кейде ер адамдар отырса да, үлкен әжелерге жол беріп, сол кісілерден бата тілеген. Қазақта «ата-ананың ақ батасы» деген сөз бар. Әжелердің батасы үлкен ақсақалдардың батасынан кем болмаған. Үлкендер отырғанда жастар суырылып бата бермеген. Бата берудің әдебі, өз уақыты, орны болған, – дейді Тұрсынхан Зәкен.

Теріс бата қандай жағдайда берілген?

Қазақ халқының сирек кездесетін ғұрыптарының бірі – теріс бата, кейде қарғыс бата деп те аталады. Ол адам қатты назаланғанда, көңілі қалғанда немесе біреудің ауыр қылығына күйінгенде берілген. Бұл ғұрыпта адам екі қолын алақанын сыртқа қаратып жайған. Мұндай қимыл теріс батаның белгісі саналған.

XVIII ғасырдағы қазақ тарихын арқау еткен «Қараберен» романы таныстырылды
Фото: Ризабек Нүсіпбек / Kazinform

Тұрсынхан Зәкеннің айтуынша, теріс бата елдің тыныштығын бұзған, ата салтын аяққа басқан, жұртқа қиянат жасаған адамдарға қатысты қолданылған. Ол мұндай батаның кез келген ренішке бола беріле салмағанын атап өтті.

– Ал қарғыс бата елдегі шектен шыққан бұзақыларға, елдің ала жібін аттаған, ата салтын бұзған, елдің несібесін жеген адамдарға өте ауыр жаза ретінде берілген. Сонымен бірге халқын қан қақсатқан сырттан келген жауларға да осындай бата берген. Батаны беретін адамдардың өзі ел ішінде қадірлі, киелі саналған тұлғалар болған. Олардың берген батасы мен қарғысы жауларына тиеді деп сенген. Адамдардың ең қорқатын батасы – осы қарғыс бата. Сөздің энергиясы бар екенін бабаларымыз ежелден білген, – дейді ғалым.

Оның айтуынша, теріс бата беруге негіз болған әрекеттердің қатарында ұрлық-қарлық, жауыздық, елге зиян келтіру және қалыптасқан салт-дәстүрді аяққа басу болған. Мұндай қадамға бару үшін адамның іс-әрекеті халықтың наразылығын тудыратындай шектен шығуы керек деп есептелген.

Батагөй Пәрменбек Жұмабайұлы да теріс батаның сирек қолданылғанын айтады. Оның пікірінше, бұл ғұрып үлкендердің ренішіне қалмау, ата-ананың сенімін ақтау және адамгершілік шегінен шықпау сияқты ұстанымдармен тығыз байланысты.

– Бата деген сөз адамға үлкен медет беретін киелі нәрсе. Сол үшін бата алудың маңызы зор. Сөздің киесі, энергиясы бар. Қарғыс бата көп айтыла бермейтін бата. Бұл батаны алған адамның жолы болмайды, ол өміріне мәңгілік таңба болып қалады деген түсінік болған. Сол үшін адамдар теріс батадан қатты қорыққан. Өзінің әке-шешесінің және елдің, қарттардың наласына қалу, теріс батасын алу – өз өміріне балта шабумен бірдей ауыр дүние. Үлкендерді құрметтеу, олардың ренішіне қалмау, әр істе үлкендердің ықыласын алу жауапкершілігі де осында жатыр. Теріс бата да кім көрінгенге берілмеген. Ол адамзатқа қарсы, адамдардың игілігі мен ізгілігіне қатер төндіретін адамдарға қатысты қолданылған, – дейді Пәрменбек Жұмабайұлы.

Қарғыс пен теріс бата – қазақтың шешендік сөз өнеріндегі ерекше құбылыс

Белгілі этнограф-ғалым Болат Бопайұлының қазақтың алғыстары мен қарғыстарына қатысты еңбектерінде бұл ұғымдардың халықтың рухани дүниетанымымен, салт-дәстүрімен және сөз өнерімен байланысы көрініс табады. Алғыс пен қарғыс – мағынасы қарама-қарсы болғанымен, адамның ішкі сезімі мен көзқарасын сөз арқылы білдіретін тілдік құбылыстар. Алғыс ризашылық пен ізгі ниеттен туындаса, қарғыс реніш, ашу-ыза мен наразылықты білдіреді.

Қазақ халқы «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер» деп, ақ тілек пен үлкеннің батасын жоғары бағалаған. «Жасың ұзақ болсын, мерейің өссін!», «Таудай табысты бол!», «Жаңа шыққан күндей бол, жарқыраған айдай бол!» деген ізгі тілектер халықтың балаға деген мейірімін, ұрпаққа артқан үміті мен ақ ниетін танытады.

теріс бата
Фото: Kazinform

Ал қарғыс сөздер адамның ашу-ызасы мен наразылығын бейнелейді. Мәселен, «Жетпей желкең қиылғыр!», «Көктей орылғыр!», «Кеудеңді қара тас бассын!», «Көзіңе құм құйылсын!», «Жүзің күйіп, жүзқара бол!», «Топалаң келсін!» деген тіркестерде жағымсыз тілек пен қатты өкпе-реніш көрініс тапқан. Бұл мысалдар қазақ тілінің бейнелілік мүмкіндігін, халықтың наным-сенімдері мен тұрмыс-тіршілігіне қатысты түсініктерін танытады.

Болат Бопайұлының алғыс пен қарғысқа қатысты еңбектерінде назар аударуға тұратын маңызды мәселенің бірі – бұл сөздердің халықтың шешендік өнерімен байланысы. Дәстүрлі шешендік сөздер шешендік арнау, шешендік толғау және шешендік дау түрлеріне жіктеледі. Осы жіктеу аясында алғыс пен қарғысты белгілі бір адамға немесе әрекетке бағытталған сөздер ретінде шешендік арнаумен байланыстыра зерттеуге болады. Алғыс жақсылықты дәріптеп, ізгілікке үндесе, қарғыс жағымсыз әрекетке деген наразылық пен моральдық бағалауды білдірген.

Ағыбай батыр туралы аңыз

Теріс батаға қатысты халық арасында сақталған оқиғалардың бірі Ағыбай батырға қатысты ел аузынан жеткен тарихи аңыз.

Әңгіме бойынша, Кенесары ханның атақты батыры Ағыбай Жайық бойындағы жылқылары шетінен жүйрік Бостан бай туралы естіп, оның ауылына жол тартады. Ауылға жақындағанда қарапайым киім киіп, маңайды барлап жүрген батыр он жетілер шамасындағы жақсы киінген, бес қаруы сай жас жігітке кездеседі.

Жас жігіт жасы үлкен кісімен амандасып, атқосшысына қонақты үйге апарып, өзі келгенше жібермеуді тапсырады. Алайда Ағыбай үйге кіріп, сусын ішкен соң шығып кетеді. Кейін жасағына келіп, ауылда қарсыласатын ешкім жоқ екенін айтып, шабуыл жасауға бұйрық береді.

Жасақ жылқыны айдап бара жатқанда, арттарынан әлгі жас жігіт қуып жетеді. Ол бірнеше жігітті аттан түсіріп, Ағыбайдың өзін де шоқпармен ұрады. Батыр найзасын сілтеп, қарсыласын жаралайды. Сол кезде оның жас жігіт емес, Бостан байдың жалғыз қызы екені анықталады.

Қыздың қазасына күйінген Ағыбай батыр оның денесін ауылына жеткізеді. Жалғыз перзентінен айырылған Бостан бай батырға теріс бата береді. Әкенің зарын жеткізетін жыр жолдарында оның қайғысы мен наласы көрініс табады. Бұл оқиғада теріс бата жазықсыз жанның қазасына байланысты туған ауыр өкпе мен қайғының көрінісі ретінде суреттеледі.

«Құнанбай» фильмі
Фото: «Құнанбай» фильмінен кадр

Құнанбайдың теріс батасы

Теріс бата көркем әдебиетте де кеңінен бейнеленген. Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Құнанбайдың немересі Әмір мен Абайға ашуланып, теріс бата жасаған сәті суреттеледі.

Шығармада Құнанбай екі қолын теріс жайып, немересі мен Абайға қарғыс айтады. Оның бұл әрекетіне айналасындағылар шошып, қарғысын қайтаруын өтінеді. Жазушы осы көрініс арқылы Құнанбайдың ашу-ызасын, отбасы ішіндегі ауыр жанжалды және үлкеннің қаһарына ұшыраудың қаншалықты ауыр қабылданғанын көрсетеді.

Бұл эпизод теріс батаның тек ел ішіндегі қоғамдық қатынастарда ғана емес, отбасындағы сенім мен ұрпақ сабақтастығына қатысты да ерекше мәнге ие болғанын аңғартады.

Сәбит Мұқанов естелігіндегі теріс бата

Жазушы Сәбит Мұқанов та «Өмір мектебі» атты өмірбаяндық шығармасында теріс бата туралы жазады. Оның баяндауынша, үйді жығу кезінде Мұстафа төсегінде жатып қалады, ал өзгелері сыртқа шығып, үйдің бөлшектенуін үнсіз бақылайды. Үй жығылып, жұрт ашық аспан астында қалғанда, Мұстафа көз жасын төгіп, теріс жайған қолымен Нұртазаны қарғайды.

Бұл естелік теріс батаның тұрмыстық жанжал, өкпе-реніш пен адамның басына түскен ауыр жағдайлар кезінде де айтылғанын көрсетеді.

Пәрменбек Жұмабайұлының пікірінше, бата мен қарғыс сөзінің халық дүниетанымындағы орны үлкен жауапкершілікпен байланысты. Сондықтан теріс бата күнделікті ренішке бола айтыла салатын сөз емес, ерекше жағдайда қолданылған ауыр ғұрып ретінде қарастырылған.

Теріс бата туралы тарихи әңгімелер мен әдеби шығармалар қазақ қоғамында сөздің салмағы мен үлкеннің ықыласына ерекше мән берілгенін көрсетеді. Ал бүгінгі міндет – осы мұраны танып-білу, оның тарихи және тәрбиелік мәнін түсіну, салт-дәстүрді заман талабына сай ұрпаққа жеткізу.

Біз бұған дейін заманауи бата қандай болуы керек деген сауалға жауап іздеп көрген едік.