Созақ көтерілісі жайлы «Зұлмат» қысқаметражды фильмі жарық көрді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Созақ көтерілісі жайлы қысқаметражды «Зұлмат» фильмі жарық көрді. Жаңа көркем фильмді «Қазығұрт» киностудиясы түсірді.
None
None

1925 жылы И.Сталин Қазақстан Үкіметін басқаруға И.Ш.Голощекинді жіберді. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген әзәзіл ұрандармен 1930-33 жылдары әдейі, қолдан жасалған бұл зұлматта 6 миллион қазақтың 3 миллионы қырылды.

Картинаға Созақ көтерілісі кезінде бір ғана әулеттің басынан өткен қасіретті оқиға арқау болған. Режиссер ажалмен бетпе-бет келген бір үйдің алты баласы арқылы алты алаштың азапты тағдырын көрсетіп берген.

Қоюшы-режиссер Сәбит Әбдіхалықовтың айтуынша, киноны түсіруге 3 айдан астам уақыт кеткен.

«Бұл - «Қазығұрт» киностудиясының 7 жобасы. Тарихи кино. Созақ көтерілісі туралы көп мағлұмат жоқ. Тек Өтеш Қырғызбаевтың кітабын оқыдық. Молдасын Тастанов деген жігіт Созақ көтерілісінен кейін бір үйдің 6 баласын қатар ату жазасына кескен кезде ең кенжесін аман алып қалғаны туралы шынайы оқиғаны айтып берген болатын. Сол туралы түсірдік», - деді Сәбит Әбдіхалықов.

Режиссердің айтуынша, сұраныс түсіп жатса қысқа метражды көркем фильм күзге таман отандық телеарналар арқылы көрерменге жол тартпақ. Фильмді насихаттау ғаламтор, ДВД диск арқылы жүзеге асады. Авторлар туындыны Лондондағы кинофестивальге апаруға ниетті.

«Созақ көтерілісі - ешкімнің тісі бата бермейтін тақырып. Маған ең алғаш Сәбит сценарийін көрсеткенде, үлкен күдік пайда болды. Комедия жанрындағы адам қалай трагедияға қалай барады деп. Бүгін сіздердің алдарыңызда оны құттықтағым келіп отыр. Осындай трагедияны ойнамай беру ерлік. Трагедияны көрсететін болса, бәрі жыламсырап сөйлеп, псевдошекспир бола бастайды. Юмор арқылы, сөйлеу, атмосфера арқылы адамды жылата білу - өнер. Актерлер еш ойнамайды. Кино сонысымен қымбат», - деді белгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов. Балалардың анасын белгілі актриса Райхан Айтқожанова сомдаған. Басты рөлдерде Мұхамеджан Байзақ, Ержан Жарылқасынұлы, Әлішер Әркембай, Айдар Ақылбай, Асылхан Төлепов ойнайды.

Соңғы жаңалықтар