Созақта «Отбасы - бақыт кілті» атты мерекелік шара өтті

Іс-шара барысында көпшілік қауым отбасы тақырыбында әңгіме қозғап, ойландырып жүрген тақырыптарды көтеріп, пікір-тілектерін білдірді. Шаңырақ шаттығы мен отбасы берекесінің қуанышы қандай, қиындық неден туындайды деген мәселелер төңірегінде қызу пікір-талас өрбіді. Әлем әдебиеті, ұлт әдебиетінде отбасылық құндылықтар қалай зерделеніп, ұсынылғаны жөнінде қалың оқырманға кітапхана библиографы Бақшагүл Момынова шолу жасады. Кітапханашы Балнұр Жұмабаева «Біз бір отбасымыз»-атты отбасылық тренинг жүргізді. Ұлағатты әке, ел ағасы, журналист Сәрсенбек Теңізбаев, ардақты әжелер Несібелі және Альмара апайлар жастарға отбасындағы өнегелі тәрбие жайында өз ойларымен бөлісті. Дөңгелек үстелде «Отбасы өмір аясы» бейнеролик көрсетіліп, «Отбасы-бақыт кілті» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Мұндай іс-шаралар ауданда көптеп өткізілуде. Дегенмен бұл жолғы тақырыптың жөні бөлек. Қаншама отбасы бақытсыздыққа ұшырап, жетім мен жесірдің санын көбейтіп жатыр. Мұндай жағдайларға жетпеу үшін не қажет, нені ескеру керек деген сияқты сұрақтарға толық жауап берілгендей болды. Отбасылық құндылық мәселесі бүгінгі таңда күн тәртібінен түспей тұрған өзекті тақырыпқа айналды. Сондықтан, жастар арасында мұндай түйткілді тақырыптарды көтеріп отырудың маңызы айрықша екендігі де шындық.