Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі пандемия сипатына ие болуы мүмкін - кардиолог

None
Фото: radcliffecardiology.com
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2050 жылға қарай планета халқының 8-ші бөлігі жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетін болады. Созылмалы жүрек жеткіліксіздігі дегеніміз не және оның пайда болу себептері қандай? Бұл сауалдарға Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының жоғары санатты кардиолог дәрігері Амина Ракишова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігердің айтуынша, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі – жүрек функциясының бұзылуы оған тіндердегі қалыпты метаболизмді қамтамасыз ету үшін қажетті қан айналымы деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік бермейтін патологиялық жағдай.

«Қанмен, яғни оттегімен, қоректік заттармен қамтамасыз етудің ағзаның қажеттіліктеріне сәйкес келмеуі жүрек жеткіліксіздігінің пайда болуына әкеледі. ДДҰ мәліметтері бойынша, 2050 жылға қарай планета халқының 8-ші бөлігі жүрек-қан тамырлары ауруларынан зардап шегетін болады. Болашақта созылмалы жүрек жеткіліксіздігінің таралуы пандемия сипатына ие болуы мүмкін. CЖЖ бар пациенттерінің ең көп таралған шағымдары – ентігу және тез шаршау (98,4 және 94,3%). Жиі кездесетін тағы бір симптом – жүрек соғысы, ал перифериялық ісіну, жөтел, өкпеде ысқырықты сырылдар сияқты белгілер сирек кездеседі. Ерте кезеңде жүрек жеткіліксіздігінің белгілері физикалық жұмыстан кейін жиі пайда болады. Ауру күшейген сайын белгілері де ұзаққа созыла береді», - дейді кардиолог.

Спикердің сөзінше, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі кезінде ентігудің бірқатар клиникалық түрі бар.

– Қысылу ентікпесі. Бастапқы кезеңдерде ол физикалық күш түскенде ғана пайда болады.

– Ортопноэ –ؘ жатқан қалпында қатты ентігу кезінде тыныс алуды жеңілдету үшін пациенттің мәжбүрлі отыру жағдайы.

– Пароксизмальды түнгі ентігу – «жүрек демікпесі». Қатты ентігу және жөтелу әдетте түнде мазалайды.

– Тыныштықта ентігу – жүрек жеткіліксіздігі кезінде сол жақ қарыншаның жиырылуы сыни түрде төмендегенде дамиды. Жүрек жеткіліксіздігі кезінде әлсіздік және шаршау сияқты белгілердің пайда болу жиілігі 94%-ға дейін жетеді. Жүректің бұлшықет жұмысына қажетті қан ағымын қамтамасыз ете алмауынан бұлшықет метаболизмі бұзылады. Жүрек жеткіліксіздігі веноздық арнаға қанның тоқтап қалуына әкеледі.

«Бұл 1-ші кезекте аяқтың ісінуіне, сондай-ақ бауыр тамырларының толып кетуіне байланысты оң жақ қабырға асты ауырсынуға әкеледі. Жүрек жеткіліксіздігінің ең ауыр кезеңінде жоғарыда аталған барлық белгі күшейеді.

Цианоз және ентігу адамды тіпті толық тыныштықта да мазалайды. Ісіну дененің төменгі бөлігіне таралады, сұйықтық дене қуыстарында (іш қуысы, плевра) да жиналады», - дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ СЖЖ бөлімшесінің меңгерушісі, PhD, жоғары санатты кардиолог дәрігер Амина Ракишева.

Дәрігер ем неғұрлым ерте басталса, науқас соғұрлым жақсы болатынын атап өтті.

«Сондықтан, CЖЖ бар әр пациент дәрі-дәрмектерді үнемі қабылдап, дәрігердің барлық ұсыныстарын орындауы тиіс. Дәрі-дәрмекпен емдеу өмір сүру сапасын сақтап қана қоймай, сонымен қатар CЖЖ дамуын тоқтатады, сонымен қатар көптеген зерттеуге сәйкес өмірді ұзартады. Терапиялық емнің тиімсіздігі және жағдайдың күрт төмендеуі кезінде хирургиялық және механикалық емдеу әдістеріне жүгінуге тура келеді. Хирургиялық емдеу дәрі-дәрмекпен біріктірілуі тиіс», - дейді кардиолог.

Дәрігердің айтуынша, өмір салтын өзгерту және СЖЖ өздігінен бақылау сияқты дәрі-дәрмексіз емдеу де көмектеседі:

– Күрделі жүрек жеткіліксіздігі кезінде сұйықтықты тұтынуды тәулігіне 2 литрге дейін шектеу керек. Бұл - су, сорпа, шай, жемістер мен көкөністерде кездесетін сұйықтық.

– Күніне 2 грамнан - жарты шай қасықтан аз тұз тұтыну керек. Бұл тағамға тұз қосудан бас тарту керек дегенді білдіреді. Тағамның құрамындағы тұз ағзаның қалыпты жұмыс істеуі үшін жеткілікті.

– Салмақ қосу сұйықтықтың тоқтап қалуын білдіреді. Егер күнделікті 1 кг салмақ қосылса, аптасына 2 немесе одан да көп салмақ қоссаңыз, дәрігерге хабарласу қажет.

– Темекі шегу CЖЖ асқыну қаупін арттырады.

– Алкогольдің жоғары дозалары жүрек жеткіліксіздігін нашарлатады.

– Физикалық жүктеме көлемі CЖЖ дамуына әкелген ауруға байланысты жеке есептелуі керек.

Соңғы жаңалықтар