S&P Қазақстанның кредиттік болжамын жақсартты
АСТАНА. KAZINFORM — 22 тамызда S&P рейтинг агенттігі «BBB-» деңгейінде рейтингті растай отырып, тәуелсіз кредиттік рейтинг шеңберінде Қазақстан Республикасының болжамын «Тұрақты» деңгейден «Позитивті» деңгейге дейін жақсартты. Бұл туралы Ұлттық экономика министрлігі хабарлады.

Агенттіктің шешімі жаңа Бюджет және Салық кодекстерін қабылдауды қоса алғанда, институционалдық және экономикалық реформаларды іске асырудағы елдің тұрақты ілгерілеуін көрсетеді.
S&P пікірінше, неғұрлым қатаң фискалдық ережелерді енгізу кіріс базасын ауқымды кеңейтумен бірге мемлекеттік қаржыны шоғырландыруға ықпал ететін болады, бұл бюджет тапшылығын қысқартуға және орта мерзімді перспективада мемлекеттік қарыз деңгейінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.
S&P Қазақстанның сыртқы нетто-кредитор ретіндегі ұстанымы сыртқы борыштың төмен деңгейінің және Ұлттық қордың халықаралық резервтері мен активтерінің елеулі көлемінің арқасында берік болып қалатынын атап көрсетеді.
Есепте болжамды жақсарту экономиканы ырықтандыру және әртараптандыру бойынша жалғасып жатқан реформалармен де байланысты екендігі атап өтілді. Сарапшылар ұлттық инфрақұрылымдық жоспарды және экономиканы жаңғырту жөніндегі басқа да шараларды іске асыру мұнай кірістеріне тәуелділіктің біртіндеп төмендеуіне және мұнайға қатысты емес емес түсімдердің өсуіне ықпал етеді деп күтеді.
Сондай-ақ Үкімет сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, орталықсыздандыру және басқарудың ашықтығын арттыру жөніндегі шараларды қоса алғанда, институционалдық және әлеуметтік реформалардың кең бағдарламасын іске асырып жатқаны көрсетілген. Сарапшылар бұл қадамдар реформалардың бағытына қатысты кең қоғамдық консенсусты көрсететін әлеуметтік құрылымды нығайтқанын атап өтті.
Агенттік қайталама санкциялар салу тәуекелдерін төмен деп бағалайды.