SpaceX 15 сағатта төрт ғарышкерді ХҒС-қа жеткізді

АСТАНА. KAZINFORM — SpaceX компаниясы сенбі күні төрт ғарышкерден тұратын жаңа экипажды Халықаралық ғарыш станциясына (ХҒС) жеткізді. Экипаж құрамында екі NASA астронавты, бір ресейлік және бір жапон ғарышкері бар, деп хабарлайды Euronews.

SpaceX 15 сағатта төрт ғарышкерді ХҒС-қа жеткізді
Фото: Видеодан алынған скрин

Crew Dragon кемесі Жерді айналып ұшып жүрген ХҒС-қа бар болғаны 15 сағатта жетті. Ғарыш кемесі АҚШ-тың НАСА Кеннеди атындағы ғарыш орталығынан ұшырылды. Бастапқыда ұшу ауа райына байланысты бір күнге кейінге шегерілген болатын.

Crew-11 миссиясының құрамында НАСА өкілдері Зена Кардман мен Майк Финке, жапондық Кимия Юи және ресейлік Олег Платонов бар.

Капсула станцияға тіркелген сәтте Майк Финке радио арқылы:

— Сәлем, ғарыш станциясы! — деп хабар берді.

Зена Кардман мен тағы бір астронавт былтырғы SpaceX миссиясынан шеттетіліп, олардың орнына Boeing Starliner кемесімен ұшып барып, станцияда қалып қойған NASA ұшқыш-сынақшылары Бутч Уилмор мен Суни Уильямс жіберілген еді. Boeing кемесіндегі ақаулардың салдарынан олардың ХҒС-тағы бір апталық сапары тоғыз айға дейін ұзарды.

Финке мен Юи бастапқыда Starliner бағдарламасына дайындалып жүрген, бірақ бұл кеме қозғалтқыш пен басқа да техникалық ақауларға байланысты 2026 жылға дейін кейінге қалдырылды. Сол себепті олар SpaceX миссиясына қосылды.

Ал Олег Платонов бұрын «Союз» кемесінің экипажынан денсаулығына байланысты шығарылған болатын.

Сенбі күні келген экипажбен бірге ХҒС-та уақытша 11 адам болды. Оларды суық сусындар мен ыстық тамақпен қарсы алды. Жаңа келгендер наурыздан бері станцияда болған төрт ғарышкерді ауыстырады, ал олар сәрсенбі күні Жерге оралады.

Айта кетейік, бұл жеткізу американдық стандарттар бойынша өте жылдам саналғанымен, ХҒС-қа ең жылдам сапар – үш сағат – Ресейдің атына тиесілі.

Соңғы жаңалықтар