SpaceX АҚШ-та Starship-ке арналған жаңа ғарыш айлағын салады
АСТАНА.KAZINFORM - Америкалық SpaceX компаниясы АҚШ-тың Луизиана штатында жаңа ұшыру алаңын салады. Ол жерден жыл сайын мыңдаған Starship ғарыш кемесін ұшыру жоспарланған, деп хабарлайды Report.
Бұл туралы компанияның ресми сайты хабарлады.
SpaceX жобаға кем дегенде 100 миллиард доллар инвестиция салуды және 3 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздеп отыр. Жаңа ғарыш айлағы Луизиананың оңтүстігіндегі Вермилион округінде орналасады. Құрылыс 2027 жылы басталып, ғарыш айлағынан алғашқы ұшыру 2029 жылға жоспарланған.
- Starbase жылына мыңдаған Starship рейстерін қолдау үшін салынады. Бұл автономды ғарыш айлағы отын, электр энергиясын өндіреді, - делінген мәлімдемеде.
Қазіргі уақытта барлық Starship ұшырылымдары Техастағы Starbase арқылы жүзеге асырылады.
SpaceX жоспарларына сәйкес, Starship жүйесі Жердің төменгі орбитасына адам басқаратын ұшулар, спутниктер ұшыру, сондай-ақ Айға, Марсқа және басқа да аспан денелеріне ұшырылатын миссиялар үшін пайдаланылады. Starship ғарыш кемесі мен Super Heavy зымыран тасымалдағышының үдеткіші бірнеше мақсатта пайдалануға және тік қонуға арналған.
Бұған дейін Қытай ғарышқа интернет спутниктерінің жаңа тобын ұшырған болатын.