SpaceX компаниясының Starship зымыраны 15-сынақ ұшуы кезінде орбитаға шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық SpaceX компаниясының Starship зымыраны 15-сынақ ұшуы барысында орбитаға жетіп, ғарышқа Starlink жүйесінің 26 жерсерігін шығарды, деп хабарлайды Анадолы.

SpaceX запустила 26 спутников Starlink с помощью ракеты Starship
Фото: Kazinform

АҚШ-тың бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, зымыран Техас штатындағы SpaceX компаниясына тиесілі Starbase ғарыш айлағынан ұшырылған.

Сынақ толықтай қайта пайдалануға болатын зымыран-ғарыш жүйесін жасау бағдарламасы аясында өткізілді.

Ұшырылымнан кейін зымыранның Super Heavy бірінші сатысы Starship ғарыш кемесі орналасқан жоғарғы сатыдан сәтті ажырады.

15-сынақ ұшуы кезінде ғарыш кемесі орбитаға сәтті жетіп, Starlink жүйесінің 26 жерсерігін ұшырды.

Алайда SpaceX компаниясы Super Heavy бірінші сатысын ұшыру мұнарасындағы механикалық құрылғылармен ұстап алу жоспарынан бас тартып, оны Мексика шығанағына бағыттады.

Нәтижесінде зымыранның бірінші сатысы жалынға оранған күйі теңізге құлады.

Биіктігі 124 метр болатын Starship зымыран-ғарыш жүйесін SpaceX компаниясы болашақта Ай мен Марсқа ұшатын миссиялар үшін әзірлеп жатыр.

Сонымен қатар Starship NASA-ның америкалық астронавтарды Ай бетіне қайта жеткізуді көздейтін Artemis ай бағдарламасы аясында да пайдаланылмақ.

Бұған дейін Иран жаңа зымыран базасын таныстырғанын жазғанбыз.