Спиннерлердің үштен бірі талапқа сай келмейді - ҚР Денсаулық сақтау министрлігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Спиннерлер баланың денсаулығына, шынымен, зиян ба»... Бұл сауалдың жауабын әркім сан-саққа жүгіртеді. Бірі жастардың қолындағы айналмалы ойыншықтан алып бара жатқандай қауіп көрмесе, екіншісі бұған қарсы пікірде. Осы ретте «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі жаппай танымалдылыққа ие болған спиннерлер турасында ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сауал жолдап, психолог маманның пікірін тыңдады.
None
None

Бір қызығы, спиннерлердің күні бүгінге дейін патенттік мәртебесіне кім ие екендігі  анықталмапты. Яғни, әлемдік танымалдылыққа ие болған ойыншықты біреулер Кэтрин Хеттингер есімді америкалық инженер-химик ойлап тапты десе, екінші тарап бұл ой Скотт Мак Коскери есімді азаматқа тиесілі дегенді алға тартады. Кэтрин Хеттингер спиннер үшін патент алуға 1993 жылы өтінім беріп қойған. Алайда ойыншыққа ол тұста ешкім қызықпаса керек. Арада 20 жылдан астам уақыттан кейін спиннер дөңгеленген дүниені «жаулап алды».

Қазақстанның балалары мен жастарының спиннерге қызығушылығы биылдан басталды десе де болады. Көшедегі кез келген жеткіншектің қолынан осы ойыншықты байқайсыз. Спиннердің танымалдылығымен бірге, әлеуметтік желілерде оның балалардың денсаулығына зияндығы турасында да ақпараттың түр-түрі желдей есіп жүр. Республикалық бірнеше белді ақпарат көздерінің хабарлауынша, АҚШ-та спиннерлерді мектепке әкелуге тыйым салынған көрінеді.

Психолог Наталья Обердерфердің пікірінше, спиннер айналып тұрған кезінде белгілі бір мөлшерде жүйке жүйесінің тежелуін туғызады. Психолог маман тың ойыншыққа «маркетингтік жүрісі жақсы уақытша құбылыс» деп баға береді.

«Ол адамның ой ағысын бөліп, ойды басқа жаққа аударуы мүмкін. Айналмалы спиннерлерге назар аударып келе жатып, баспалдақтан құлап кетуіңіз немесе жолдан өтіп бара жатып, қозғалып келе жатқан көлікті көрмей қалуыңыз мүмкін. Бір сөзбен, әуестіктің кеселінен қоршаған ортаны бақылаудан тыс қалуыңыз әбден ықтимал. Нақты спиннер қауіпті деп айта алмаймын. Кейінгі кезде спиннерге қызығушылық әу бастағыдай емес, төмендеп келе жатқанын байқаймын. Жасөспірімдер көп жағдайда өздеріне символ іздеуі мүмкін. Оларда «спиннер бәрін де бар, менде де болуы керек» деген ой болады. Сондықтан, олар үшін бұл маңызды. Әйтпесе, келер, кетер дүние. Әлемдік қауіп дейтіндей негіз жоқ деген ойдамын», - дейді психолог.

Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті жуықта спиннерлерді сараптамадан өткізген. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында өнімдер қауіпсіздігінің мониторингі шеңберінде Комитеттің аумақтық бөлімшелері ойыншықтардың 641 сынамасын сатып алып, «Ұлттық сараптама орталығында» зертханалық тексеру жұмыстарын жүргізген.

«Сараптама нәтижесі бойынша 228 сынаманың техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Сараптама нәтижесі бойынша тауарлардың таңбалануы бойынша талаптардың бұзылуы, санитариялық-химиялық көрсеткіштердің, оның ішінде ойыншықтардың ұсақ бөлшектерінің, өткір қырларының қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтіндігі анықталды. Талаптарға сәйкес келмейтін барлық ойыншықтар айналымнан алынып, сапасыз ойыншықтарды сататын тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілік шаралары қолданылды», - делінген Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің төрағасы, ҚР мемлекеттік-санитариялық бас дәрігері Жандарбек Бекшиннің жауабында.

Комитеттің хабарлауынша, аталған бұзушылық фактілері бойынша өндіріс және сауда мекемелері тексеру кезінде тиісті нұсқамалармен уақтылы хабардар етілген.

«Комитетке және оның аумақтық бөлімшелеріне тұтынушылар тарапынан ойыншықтардың сапасына, оның ішінде «Спиннер» ойыншығының сапасына қатысты өтініштер мен шағымдардың түспегенін хабарлаймыз», - делінген жауап хатта.

Сонымен қатар, Комитет педагог және психолог мамандардың «Спиннер» ойыншығын пайдаланудың тәуелділік туғызатындығы туралы пікірімен келісе отырып, оқушылардың оқуда және үй тұрмысында назарын алаңдатпау үшін ойыншықты тек пайдалану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қолдануды ұсынады.

Соңғы жаңалықтар