Спорт болған соң жеңіліс те, жеңіс те болады - боксшы Карина Ибрагимованың анасы
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Париж Олимпиадасында бокстан қыздар арасында сынға түскен ақмолалық Карина Ибрагимованың анасы Ирина Владимировна қызына қолдау білдірді.
Анасының айтуынша, Карина кішкентайынан спортқа әуес болып өскен.
«Алғаш рет бокспен 10-12 жасынан айналыса бастады. Бастапқыда кикбосинг үйірмесіне барды, кейін оның олимпиада спорт түріне жатпайтынын білген соң, әкесінің ақылымен бокспен айналысуды шешті. Содан бері республикалық және халықаралық жарыстарға үзбей қатысып келеді», - деді боксшының анасы Ирина Владимировна.
Анасының айтуынша, Олимпиада ойындарына қатысу Каринаның балалық арманы болған.
«Мен өзім Каринаның бірде бір жекпе-жегін телеарнадан қараған емеспін. Бірақ іштей аналық ақ тілегімді айтып, дұға етіп отырамын. Үнемі теледидардың алдында әкесі жанкүйер болып, тамашалайды. Ол Каринаның бірде бір жекпе жегін жіберген емес. Каринаға келетін болсақ, ол бұл Олимпиаданы ұзақ күтті, төрт жылда бір рет өтетін додаға қатысу оның арманы еді. Лицензияға қолы жеткенде отбасымызбен бірге қуандық. Ол кезде де қарсыластары мықты болды, соған қарамастан бірінші мүмкіндіктен лицензияны жеңіп алды. Бұл жолы қарсыластары осал болмайтыны бәседен белгілі еді. «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, өздеріңіз көріп отырғандай, бұл жолы Каринаның жолы болмады. Спорт болған соң жеңіліс те, жеңіс те болып тұрады», - деді түйіндеді Ирина Владимировна.
Сонымен бірге, спортшының анасы қызына үнемі қолдау білідіріп келе жатқан азаматтарға және жаттықтырушыларына алғысын білдірді.
Айта кетсек, 28 жастағы Карина Ибрагимова әлем чемпионатының үш дүркін жүлдегері: 2023 жылдары «күміс» жүлдегер атанса, 2018 және 2022 жылдары «қола» медаль алды. Сондай-ақ, 2022 жылы Карина Ибрагимова Азия чемпионы және жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Олимпиададағы алғашқы қарсыласына келетін болсақ, 33 жастағы Эшлион Лосада Мотта – 2023 жылғы Панамерикалық ойындардың қола жүлдегері. Қола медальмен Лосада Мотта Олимпиада ойындарына жолдама алған алғашқы Пуэрто-Рико боксшысы.
Тартысты өткен кездесуде Карина Ибрагимова қарсыласынан ұтылып, ширек финалға шыға алмады.
Еске салайық, Карина Ибрагимованың жекпе-жегі тікелей эфирде Көкшетаудың орталық алаңында көрсетілетінін жазған едік.