Спорт легионерлерін бюджет есебінен қаржыландыруға тыйым салынбақ

АСТАНА. KAZINFORM – Спорт легионерлерін бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салынбақ. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

Туризм және спорт министрлігінің футбол клубтарындағы легионерлерді қысқартуға шамасы жетпей отыр
Фото: kff.kz

«Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін сыртқы талдау қорытындысы бойынша агенттік Туризм және спорт министрлігінің атына жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша ұсыныстар енгізгенін атап өтеміз. Кәсіби спорт клубтарындағы легионерлердің үлесін қысқарту және қаражатты бұқаралық қайта бағыттау жөнінде шаралар қабылдау, жоғары жетістіктер спортын қаржыландыруды орталықтандыру, спорт, инфрақұрылым, спорттық іс-шаралар мен жетістіктер саласында айналысатын адамдар бойынша спортты қаржыландыру нәтижелерін бағалауға мүмкіндік беретін толық деректерді қамтитын Е-sport ұлттық цифрлық платформасын енгізу ұсынылды», - деді ресми өкіл.

Оның атап өтуінше, қазірдің өзінде алғашқы нәтижелер бар.

«Мәселен, заңнамалық деңгейде легионерлерді бюджет қаражаты есебінен, оның ішінде квазимемлекеттік сектор қаражатынан қаржыландыруға тыйым салу жоспарлануда. Кәсіби клубтарды қаржыландыру процестері қайта қаралып жатыр», - деді Данияр Бигайдаров.

Бұған дейін кәсіби футболға бөлінетін бюджет қаражатын жұмсау кезінде елеулі жемқорлық тәуекелдер анықталғанын жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар