Спорт пен денсаулық: Ұлытау өңіріндегі жаңа мүмкіндіктер

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM — Ұлытау өңірі күн санап түрленіп келеді. Жаңа спорттық кешендер, шахмат академиясы мен денсаулық орталықтарының ашылуы — жергілікті тұрғындар үшін бірнеше жыл бұрын қол жетпестей көрінген арман еді. Бүгінде заманауи спорт инфрақұрылымы мен медициналық нысандар бұқаралық спорт пен салауатты өмір салтының дамуына серпін беріп отыр. 

Спорт пен денсаулық: Ұлытау өңіріндегі жаңа мүмкіндіктер
Фото: Қазақмыс

Ұлытау — 2022 жылдың шілдесінде дербес облыс мәртебесін иеленген жас аймақ. Сол жылдың қарашасында облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы әлеуметтік-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Үш жылға (2022–2025) есептелген келісімнің жалпы құны — 35 млрд теңге.

Жүйе құраушы кәсіпорын ретінде корпорация әлеуметтік, білім беру, медициналық және спорт саласындағы инфрақұрылымды дамытуға міндеттеме алды. Бұдан бөлек, келісімнен тыс қосымша 10 млрд теңгеге жуық жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Болашаққа бағытталған инвестиция

«Қазақмыс» ең алдымен бұқаралық спортты қолдауға және халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға басымдық беріп отыр. 2024 жылдың ақпанында Жезқазғанда құны 8,5 млрд теңге болатын «Жігер» спорт-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. 320 орындық залы бар кешенде бассейн, теннис корттары, көркем гимнастика мен жекпе-жекке арналған алаңдар орналасқан.

Сәтбаев пен Кеңгір кентінде де жаңа спорттық нысандар салынды.

— Біздің қала үшін бұл үлкен қуаныш. Заманауи кешен болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге жол ашады. Бізде Виталий Савин мен Ольга Кошефудинова сынды олимпиада жүлдегерлері шыққан. Олар әлдеқайда қарапайым жағдайда жаттыққан еді. Ал қазір балалардың үлкен жетістіктерге жетуіне барлық мүмкіндік жасалды, — дейді жеңіл атлетикадан жоғары санатты бапкер Владимир Коник.

Командалық спорт түрлері де назардан тыс қалған жоқ. Корпорация жыл сайын «Ұлытау» футбол клубын дамытуға 500 млн теңге бөледі. Сондай-ақ 700 балаға арналған, еліміздегі ең ірі Жансая Әбдімәлік атындағы Шахмат академиясы ашылды.

Спорт пен денсаулық: Ұлытау өңіріндегі жаңа мүмкіндіктер
Фото: Қазақмыс

Алдағы уақытта Балқашта тағы бір спорттық-сауықтыру кешенін салу және 200 спортшыға арналған жатақханасы бар Күрес академиясын дамыту жоспарланып отыр.

Денсаулық сақтау саласындағы жобалар

Спортпен қатар, корпорация медицина және сауықтыру бағытындағы бастамаларды да жүзеге асыруда. Жезқазған қаласындағы медициналық орталық жанынан құны 240 млн теңгеге бағаланған оңалту орталығы ашылды. Ал Сәтбаевта жаңа медициналық орталықтың жобалау жұмыстары басталып, травматология пунктінің құрылысы жүріп жатыр.

Спорт пен денсаулық: Ұлытау өңіріндегі жаңа мүмкіндіктер
Фото: Қазақмыс

Бұл нысандар спорттық инфрақұрылымды толықтырып, өңір халқының денсаулығын нығайтуға ықпал ететін кешенді жүйе қалыптастырып отыр.

Әлеуметтік ықпал

Бүгінде «Қазақмыс» бастамалары жергілікті халық тарапынан болашаққа салынған стратегиялық инвестиция ретінде бағаланып отыр.

— Компанияның спортқа қосып отырған үлесі зор. Мұндай нысандар көбейген сайын балалардың қабілетін шыңдап, өз жолын табуына мүмкіндік артады, — дейді Владимир Коник.

Спорт пен денсаулық: Ұлытау өңіріндегі жаңа мүмкіндіктер
Фото: Қазақмыс

Осылайша корпорация өндірісті дамытумен қатар, спорт, денсаулық пен білімді өмір сапасының негізгі тірегіне айналдырған әлеуметтік орта құруға да күш салып отыр.

Осыған дейін еліміздегі ең ірі жеке медициналық мекемелерінің бірі — Жезқазғандағы медорталықтың жұмысы жайлы жазған болатынбыз

Соңғы жаңалықтар