Спорт саласында жалған дипломмен нәпақы тауып жүрген 260-тан астам адам анықталды
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан елімізде спортты қаржыландыру саласында 64 қылмыстық іс тіркеліп, 23 адам сотталды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлім етті.

«Агенттік Туризм және спорт министрлігімен бірлесіп, спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. Орталық деңгейде талдау Туризм және спорт министрлігінің қызметінде, облыстық спорт және дене шынықтыру басқармаларында өңірлік деңгейде жүргізілді. Талдау арқылы мемлекеттік қаражаттың тиімсіз жұмсалуына ықпал ететін елеулі жемқорлық тәуекелдері белгілі болды. 16 өңірде еңбекақы төлеу қоры, іс-сапар шығындары, жалған спорттық іс-шаралар және басқалары бойынша бюджет қаражатын жымқыру белгілері бар фактілер анықталды», — деді ол.
Ресми өкілдің дерегінше, жыл басынан бері аталған салада, оның ішінде осы фактілер бойынша 64 қылмыс тіркелді. Мемлекетке келтірілген залал 1,6 млрд теңгені құрады.
«Бүгінде 23 адам сотталды, 548 млн теңге құрайтын мүліктің орны өтелді және тыйым салынды. 17 өңірде жаттықтырушылық-оқытушылық және спорттық қызметті жүзеге асырған тұлғалардың жалған дипломдарды пайдалануының 260-тан астам фактісі анықталды. Барлық материалдар полиция органдарына берілді. 188 адаммен еңбек шарттары бұзылды», - деді Данияр Бигайдаров.
Еске сала кетейік, бұған дейін Атырау облысында 30 жаттықтырушы жалған дипломмен жұмыс істеп келгенін жазған болатынбыз.
Бүгін сондай-ақ, Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы сотталғаны белгілі болды.