Атырау облысында 30 жаттықтырушы жалған дипломмен жұмыс істеп келген
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында сыбайлас жемқорлықтың қаупі жиі анықталатын салалардың қатарында медицина, спорт, жол және инфрақұрылым бар. Мәселен, спорт саласында 900 млн теңгеден астам қаржылық бұзушылық анықталып отыр. Сондай-ақ 30 жаттықтырушы жалған дипломмен жұмыс істеп келген.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облыстық департаментінің басшысы Ерұлан Серікқалиевтың айтуынша, дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекеліне талдау жасалған.
«Талдау нәтижесі бойынша 900 млн теңгеден астам соманың қаржылық бұзушылығы анықталып, 1 қылмыстық іс қозғалды. Бюджетке 4 млн теңге көлемінде қаржы қайтарылды. Жалған дипломмен жұмысқа орналастырылған 30 жаттықтырушы қызметінен босатылды. Жеке тұлғаға негізсіз берілген „Мұз айдыны“ ғимараты коммуналдық меншікке қайтарылды. Сенімгерлік басқару шартына сәйкес міндеттемелер тиісінше орындалмаған басқа да спорт ғимараттарын коммуналдық меншікке қайтару бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр», — дейді Ерұлан Серікқалиев.
Оның дерегіне қарағанда салада жүйелі сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар. Мұның салдары қандай?
«Біріншіден, отандық спорттың дамуын тежейді. Екіншіден, әлемдік сайыстарда жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге кедергі келтіреді. Үшіншіден, халықаралық жарыстарға қатысу үшін спортшыларды іріктеудің ашықтығын көрсететін процестерге цифрландыру енгізілмеген. Төртіншіден, бұл бюджет қаржысы мен сыбайлас жемқорлық схемаларын бақылаусыз игеруге жағдай жасайды», — дейді Ерұлан Серікқалиев.
Осындай кемшіліктерді жою үшін жергілікті әкімдікке бірнеше ұсыныс беріліп отыр. Оның бірі — ведомстволық бағынышты мекемелерде «1С: Мекеме» бағдарламасын енгізуді толық жүзеге асыру.
«Мұның тиімді тұстары бар. Біріншіден, спорт саласындағы бухгалтерлік есепті, қаржылық басқарудың негізгі кезеңдерін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Екіншіден, қаржыны тиімді басқаруға жол ашады. Үшіншіден, қаржылық бұзушылық жасауға ұрындыратын тәуекелдің алдын алады», — деп мәлім етті Ерұлан Серікқалиев.
Департамент басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахиннің пікірінше, жол және инфрақұрылым, медицина саласына жүргізілген мониторинг кезінде сыбайлас жемқорлықтың 20-дан астам қауіпті тәуекелі анықталған.
«Бұған бірнеше мысал келтіруге болады. Мәселен, бір мердігерге артықшылық беріледі. Шенеуніктер мен мердігерлер арасында мүдделер қақтығысы бар. Жосықсыз қатысушылар тізімінде тұрған компаниялармен шарт және қосымша келісімдер жасау әлі де тоқтаған жоқ. Жол жөндеуге байланысты бірнеше деректі айтуға болады. Оған бұрын көзделмеген шығыстарды қосу, тиімсіз жоспарлау, мемлекеттік сатып алу конкурсын өткізгенге дейін жолды салуға кірісу, бір бақылаушыны бірнеше нысанға бекіту, жұмыстарды ақаумен қабылдау, ең төменгі кепілдік мерзімін белгілеу, орташа жөндеуге ведомостволық сараптама жүргізбеу, тапсырыс берушінің келісімінсіз қосымша мердігерлерді тарту, лицензиясыз құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқару секілді жайттарды анықтадық. Төтенше жағдай кезіндегі мемлекеттік сатып алуды жүргізуде, оның ішінде ешқандай тәжірибесі жоқ мердігерлермен бір көзден тікелей тәсілмен шарт жасауда кемшілік байқалды», — дейді Нұрлан Жахин.
Ал, медицина мекемелерінің басшылары мен бас есепшілері өздерінің жалақысын жасанды жолмен көтеріп отырған.
«Денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық қатеріне талдау жүргізу кезінде медициналық мекеме басшылары өздерінің оқу ақысын төлеу үшін еңбекақы қорының қаржысын пайдалану фактілері анықталды. Мәселен, № 5 емхананың директоры Esil University-де оқу үшін 2,1 млн теңге, Геолог елді мекеніндегі емхананың директоры — 2,6 млн теңге, Атырау облыстық психикалық денсаулық орталығының директоры — 3,2 млн теңге, Мақат аудандық ауруханасының директоры — 2,6 млн теңге, № 3 емхананың директоры — 2 млн теңге жұмсаған. Барлық қаржы бюджетке қайтарылды», — деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлаған едік.