Спорт тақырыбы көп ізденісті қажет етеді – қызылордалық журналист

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – 1924 жылы 2 шілде күні Франция астанасы Париж қаласында Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығы (AIPS) құрылған болатын. Ал Халықаралық спорт журналистері күні 1995 жылдан бастап аталып өте бастады. Бүгінде елімізде аталған тақырыпта қалам тартып жүрген әріптестеріміз аз емес. Бұл бағытта қаншама сүбелі еңбек жазған аға буынның жолын жалғастырып келе жатқан қалам иелері оқырман қауымға ақпаратты жылдам және сапалы жеткізуге барынша күш салып жүр. Осы орайда ҚазАқпарат тілшісі спорт журналисі Әлібек Байшүленовпен ой бөліскен еді.

- Сіздің мамандығыңыз суретші екенін жақсы білеміз. Десе де ұзақ жылдан бері журналистика саласында жемісті еңбек етіп келесіз. Оқырман қауым сізді негізінен спорт тақырыбында қалам тартып жүрген азамат ретінде жақсы таниды. Бұл тақырыпқа қызығушылығыңыз қай кезден басталды?

- Несін жасырайын, бала кезімнен спортқа әуес болып өстім. Қызылорда қаласындағы футболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде бапкерлердің тәлімін алдым. Сол жылдарда одан өзге бокс, велоспорт, дзюдо, шахмат, волейболмен айналыстым, олардың қыр-сырына қанық едім. Спорттың қай түрі де мені қызықтыратын. Соған қарамастан мені өмір жолы алғашқыда басқа бағытқа бұрды. Жастайымнан сурет өнеріне әуестігім байқалды. Сегізінші сыныптан кейін Шымкентте көркемсурет училищесіне оқуға түстім. Одан кейінгі студенттік шағым Алматы қаласында орналасқан Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің көркемсурет факультетінде жалғасты.

Журналистикаға бет бұруыма мынадай жағдай себепші болды. Оқу бітірген кезім. 1996 жылы республикалық «Спорт» газетіне безендіруші болып қызметке келдім. Сол уақытта аталған басылымның таралымы 300 мыңға жетіп жығылатын еді. Оған белгілі қаламгер, спорт журналисі Несіп Жүнісбайұлы ағамыз басшылық ететін. Қазақ және орыс тілдерінде шығатын газетте Сайын Тұрсынов, Жүсіп Хисымов, Дендербай Егізов, Анатолий Пятибратов сынды спорт журналистикасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан аға буын өкілдері қызмет атқаратын. Мен осындай зиялы ортаға тап болғаныма қуанамын. Сол жылдарда Нұрғазы Сасаев және бүгінде өмірден өткен Аманкелді Сейітхан, Бейсен Құранбек сынды әріптестерім еңбек етті.

Әрбір нөмірді шығарудың алдында талқылаудан өтеді. Осындай жиынның бірінде мен спорт тақырыбында пікір білдіріп, өз ұсынысымды жеткіздім. Спорттан хабарым бар екенін байқаған Несіп аға айтылған мәселеге байланысты маған мақала жазып көруіме кеңес берді. Уақыт өткізбей тапсырманы орындап, бас редактордың алдына қойдым. Жазған дүниемді жоғары бағалаған ағамыз одан кейін маған тұрақты түрде жазуым жөнінде ақылын айтты. Осылайша спорт журналистикасына қадам бастым. Одан кейінгі уақытта талай жарыстарға барып, жылдам ақпарат беруге атсалыстым.

Ол уақытта техника әлі дамымаған. Қазіргідей компьютер, интернет дегенді мүлдем білмейміз. Жарыстан беретін мақаламызды телефакс арқылы жолдаймыз. Мына бір оқиға есімде. 1997 жылы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Алматыда Қазақстан құрамасы өз алаңында Жапонияны қабылдайтын болды. Сол уақытта жапон журналистерінің қолында ноутбук, интернет бар екенін көзіміз көрді. Бұл игіліктер бізге кейіннен келді ғой.

Кейіннен отбасылық жағдайыма байланысты Қызылордаға келдім. Туған жерімде де қолымнан қаламым түскен жоқ. Әрине, спорт саласында қаншама жастардың танылуына қолымнан келгенше үлес қостым. Сондай-ақ, жергілікті «Қайсардың» баспасөз хатшысы қызметін атқардым, ойындарынан тікелей көрсетілімінде комментатор қызметін атқардым. Қысқасы, ширек ғасырдан бергі өмір жолым журналистикамен өріліп келеді.

- Спорт тақырыбында мақала жазғаныңызда қандай талаптарға сүйенесіз?

- Әрбір жазған дүниең оқырман жүрегіне жеткенін қалайсың емес пе!? Ол үшін көп еңбектенуің тиіс. Біз журналистикаға қадам басқан жылдарда қазіргідей дайын баспасөз релизі жоқ еді. Әрбір жарысқа арнайы барып, сол жерден ақпарат таратуға күш салатын едік. Сол арқылы қалың көпшілікке тартымды мақалалар ұсына алдық деген ойлаймын.

Байқаймын, қазір спорт журналистері дайын дүниеге әуес. Өкініштісі, ол татымсыз, қызықсыз материал болып шығады. Ал журналисттің оқиға ортасынан жазғаны өте қызғылықты оқылады деген ойдамын. Әрине, ол журналисттің де абыройын арттырады.

Мен осы күнге дейін әрбір жазған мақалама өте көп ізденемін. Статистикалық деректерге назар аударамын. Спортшының болмысын ашуға ұмтыламын. Оның көпшілікке беймәлім қырларына зер саламын. Бапкерлер пікіріне назар аударамын. Осы арқылы мақала қызықты болып шығады. Спорт журналистикасы көп ізденісті қажет етеді. Өзімнен кейінгі ізбасар әріптестеріме осындай ақыл-кеңес беремін.

- Қазіргі спорт журналистикасында қандай жаңашылдықты байқайсыз?

- Уақыт өз орнында тұрмайды. Қоғам алға жылжыған сайын технология соған сәйкес дами береді. Осыдан 20-25 жыл бұрынғы өмір ағымымен қазіргіні салыстыруға келмейді. Сол секілді спорт журналистикасында да оң өзгеріс көп. Елімізде бұл тақырыпта арнайы телеарна ашылды. Жанкүйерлер сол арқылы қазақстандық спортшылардың әлемдік жарыстағы сайыстарын тікелей тамашалауға мүмкіндік алды.

Жиырма жылдай бұрын отандық телеарнада футболға арналған бағдарлама ашылды. Мен ол кезде «Қайсарда» баспасөз хатшысы қызметін атқарамын. Аталған бағдарламаға өз күшімізбен бейнекөрініс дайындаймыз. Оны республикалық телеарнаға жіберу қиынның қиын. Дайындалған дүниені телехабарларды тарату мекемесі арқылы жіберуің үшін арнайы уақытты күтуіңе тура келеді. Сондай-ақ, кейбір әріптестерімнің мұндай кассеталарды ұшақтар арқылы жібергенін көзіміз көрді.

Ал қазір мұндай қиындық жоқ. Арнайы техника арқылы кез келген жерден тікелей эфирге шығуыңа мүмкіндік бар. Бастысы, сапалы дүние ұсына білсең жетіп жатыр. Нақты айтқанда, спорт журналистикасында жаңашылдық саланың дамуына оң әсерін тигізіп отыр. Айтарым, енді жас журналистер көбірек ізденіп, жанкүйерлерге қызықты хабарлар, мақалалар ұсына білгені жөн.

- Өзіңіз айтқандай, қазір телеарнада спорт жарыстарынан тікелей көрсетілім жасалады. Оны жүргізетін комментаторларға жанкүйерлер тарапынан сыни пікірлер айтылып жатады. Бұған көзқарасыңыз қалай?

- Иә, телеарналар тарапынан тікелей көрсетілім жасалатыны қуантады. Бұл жастардың спортқа қызығушылығын арттыра түседі. Айтарым, оны жүргізетін комментаторлар тікелей көрсетілімге дайындалып шыққаны дұрыс болар еді. Өкініштісі, кейбіреуі ойынның қалай болып жатқанын түсінбейді. Тіпті, олардың «сол ойын түрі жөнінде білетіні шамалы ма» деп қаламыз. Мәселен, футбол болып жатыр делік. Алдымен комментатор ойын тактикасы жөнінде түсіндіре кеткені артық емес. Дегенмен кейбірі басқа әңгімені айтып отырады. Жанкүйерлер арасында да ол жайында жақсы білетін адамдар аз емес қой. Сондықтан әрбір комментатор өз білімі мен біліктілігін арттыруға ұдайы көңіл бөлгені жөн деп санаймын.

Бұл жөнінде белгілі спорт журналисі Қыдырбек Рысбекұлы ой-пікірін білдірген еді. Қазақтың құнарлы сөзін пайдаланып, ойын барысындағы әрбір сәтті көпшілікке қызықты етіп жеткізуге әбден болады. Қыдырбек ағамыз сол жайында жастарға ақыл-кеңесін айтты. Алысқа ұзамай-ақ көршілес Ресейдің комментаторларының жұмысына зер салып көрелікші. Олардың әрбірі көрсетілімді қызықты етіп өткізеді. Жанкүйерлер де ризашылығын білдіреді.

Негізінде қазақ тілінің қоры өте бай емес пе!? Қазақ спорт журналистикасының сапасы сол қазынаны лайықты қолдана білуден байқалады. Ана тілімізде әрбір сөздің көптеген синонимі бар емес пе? Бұл да спорт журналисінің қолынан келуі қажет. Себебі, теледидар арқылы өзіңді миллионан астам адам тамашалап отырғанын ұмытпауың тиіс. Оған қоса сені жер серігіндік байланыс арқылы әлемнің қаншама мемлекетіндені жанкүйерлер тамашалуға мүмкіндік алады. Қазір кейбір комментаторлар оны ойламайтын секілді.

Жас журналистерге аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесін алғаны жөн болар еді. Олардың көбісі әлі де арамызда жүр. Сондықтан осы орайда телеарна басшыларына жас комментаторларды дайындау үшін арнайы біліктілігін жетілдіруге арналған іс-шаралар ұйымдастырғаны дұрыс деп ойлаймын.

- Әңгімеңізге рақмет.


Соңғы жаңалықтар