Спорттағы табыс ғылыми тәсілдер мен инновацияларды қолдану мүмкіндігіне байланысты - қазақстандық олимпиадашылар Мәскеуде

Делегацияның құрамында ауыр атлет Илья Ильин мен оның жаттықтырушысы Тойшан Бектеміров, жеңіл атлет Ольга Рыпакова, палуан Ақжүрек Таңатаров бар.
Кездесу аясында Лондондағы олимпиаданың ресейлік жүлдегерлерімен және мемлекеттік құрылымдардың басшылығымен кездесулер жоспарланған, елдегі басты спорттық-оқытушылық нысандарға бару, сондай-ақ Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың 20 жылдығына арналған мерекелік шараларға қатысу күтілуде.
Бірінші күні біздің спортшыларымыз РФ Спорт министрінің орынбасары Павел Колобковпен кездесу өткізді. Өз сөзінде ол 2012 жылғы Олимпиада ойындары екі ел үшін табысты өткенін атап өтті. «Қазақстандықтар бұл бәсекеде өз күштеріне сенімділігін көрсетті. Сіздер үшін тек қазақстандықтар ғана емес, Ресейдегі көптеген спорт жанкүйерлері тілектес болды. Сіздерді және жаттықтырушыларыңызды табыстарыңызбен құттықтаймын», - деді ол.
П.Колобковтың сендіруінше, қазақстандық спортшылардың жеңістері РФ үшін өте маңызды. «Спортымыздың тамырлары бір, тарихи достығымыз да бар. Әрине, біз өз спортшыларымыздың әр қадамына елеңдеп отырдық, сондай-ақ қазақстандық спортшылардың жетістігіне де қуандық», - деп атап өтті ол.
Министрдің орынбасары екі елдің спорттық ынтымақтастығы жалғасатынына үмітін білдірді. Осыған байланысты ол ресейлік тараптың қазақстандық командаларға бірлесіп жаттығу үшін спорттық нысандарын ұсынуға дайын екенін белгіледі.
Болашақтағы жоспарлары туралы айта келе, олимпиадашылар денсаулықтарына көңіл бөлуді, күрделі жарыстардан кейін қалпына келуді жоспарлап отырғандарын айтып берді. Алайда алдағы жылы спортшылар әлемдік деңгейдегі жүлделер үшін күреспекші, олар елдің қанжығасына алтын жүлделерді әлі талай рет байлайтынына уәде берді.