Спорттық гимнастика: Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды
АСТАНА. KAZINFORM — Оңтүстік Кореяның Чечхон қаласында спорттық гимнастикадан өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына алғашқы медаль түсті.

Қазақстан гимнастика федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, еліміздің ерлер құрамасы қола жүлдеге қол жеткізді.
Қазақстандық гимнастар командалық көпсайыста үздік үштікке ілікті.
Ел намысын Нариман Құрбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Роман Маменов, Ілияс Әзізов және Әлішер Тойбазаров қорғады. Олар 240.301 ұпай жинады.
Жапония құрамасы 253.002 ұпаймен чемпион атанды. Ал екінші орынға Қытай құрамасы (248.265 ұпай) көтерілді.
Спорттық гимнастикадан Азия чемпионаты 8 маусымда мәресіне жетпек.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын спорттық гимнастикадан Азия чемпионатында Қазақстаннан кімдер өнер көрсететінін жазған болатынбыз.