«Səs Azərbaycan» байқауына қатысқан әнші Санат Асуат Атырауға оралды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық жас әнші Санат Асуат «Səs Azərbaycan» халықаралық байқауында 3-орынға ие болды. Атыраулықтар жас әншіні жылы шыраймен күтіп алды.

Атырау облыстық мәдениет және тілдерді жамыту басқармасының ақпаратына сүйенсек, Санат Асуат Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының «Эстрадалық вокал» мамандығының 3-курсында оқиды. Ол жақында «Səs Azərbaycan» халықаралық байқауына қатысып, жартылай финалына шыққан еді.
– Халықаралық байқаудың көрмей тыңдау кезеңінде жас әнші әлемге әйгілі Уитни Хьюстонның «Run to You» әнін шебер орындаған болатын. Ол осы әнмен көрермендер мен қазылар алқасының назарын аударды. Байқаудың келесі кезеңінде Санат Асуат әзербайжандық Анна Касьяновамен дуэт құрып, «Clean Bandit» тобының «Symphony» әнін орындады. Екі әнші сахнада үйлесімділік пен кәсіби шеберлікті көрсетті. Олардың тәлімгері, Eurovision жеңімпазы Эльдар Гасымов дуэттің өнерін жоғары бағалады, - деп хабарлады басқармадан.
Санат Асуаттың айтуынша, бауыолас елдегі халықралақы байқау жай жоба емес.
– «Səs Azərbaycan» байқауы менің өмірімнің маңызды бөлігі және соңы емес екенін білемін. Бұл – менің жүрегімнен орын алған, жаныммен сезінген өнердегі жолымның бастауы ғана, - дейді Санат Асуат.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қазақстан әншісі «Әзербайжан дауысы» шоуының жартылай финалына шыққаны туралы жазған едік.