Сталинизм үшін тарихи жауапкершілікке қазіргі Ресейдің қатысы жоқ - М.В.Ломоносов атындағы ММУ ғалымы А. Власов
мемлекеттердің ортақ тарихтары өзінше түсіндіріле бастады. Тарихты саясаттың құралына айналдырып, жекелеген елдер 1917-1937 жылдар аралығындағы 20 жылдық қызыл қырғын және одан кейінгі Кеңес халықтарының басына төгілген зұлматтар үшін айыптылар ізделді. Бұның бәрі посткеңестік кеңістіктегі өзара сұхбаттың аздығы болса керек. Осы мәселе Астанадағы ТМД елдері тарихшыларының халықаралық форумы аясында, «Посткеңестік кеңістіктегі тарих ғылымы: өзара іс-қимыл ахуалы және болашағы» атты дөңгелек үстел отырысында көтерілді. Үш күндік халықаралық жоба ТМД және АҚШ, Франция, Германия елдерінің 300-ден астам тарихшы ғалымдардың басын қосып отыр. Ресейдің М. В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікті зерттеу жөніндегі ақпараттық-сараптамалық орталығының бас директоры Алексей Власов «ҚазАқпарат» агенттігіне берген сұхбатында аталған тақырып бойынша өз ойларын ортаға салды.
- Тарихшылардың басын қосатын осындай форумдардың маңыздылығы неде?
- Тарих бұл ғылым ғана емес, идеологияның құрамдас бөлігі. Идеология мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастарға жүйелі түрде ықпал ететін фактор. Сол себепті тарихи даулар газет беттерінде жарияланған мақалалармен немесе саясаткерлердің мәлімдемелеріне ұласпас үшін сұхбат алаңының қажеттілігі туындауда. Бұндай кикілжіңдер кәсіби мамандармен - тарихшылармен шешілуі тиіс. Міне, осы маңызды болып табылады. Яғни жағымсыз энергияны тысқа шығармай, оны кәсіби, пікірталастық бағытқа қарай бағыттап отыратын жол осы. Пікірталастар қалың жұрттың ортасына тасталғанша, бір дөңгелек үстел басында, бір шаңырақ астында отырып, кәсіби талқылауға салынсын. Қырғызстанның оңтүстігіндегі жағдай, қырғыздар мен өзбектер арасындағы түсініксіздіктердің орын алуы өте өкінішті. Біздің мақсатымыз - халықтарды бір-біріне айдап салу әрекеттерін болдырмау.
19 ғасырда батыстықтар мен Ресей тарихшыларының ұстанымдары бір-біріне келмей қалғанда, олар «тарихты бұрмаладың» деп, «жалған аңыз жаздың» деп біріне-бірі қарсы сөз айтып, бет жыртысқан емес. Ол кезде тәуір-ақ ғылыми дискуссия болды. Ғылымды аңызға айналдыратын тарихшылар емес - саясаткерлер. Саясаткерлер тексерілмеген тарихи оқиғаларды пайдалана отырып, аңыз құрап, оны тарих шындығының бірі ретінде көрсетуге әрекеттенген кезде аңыз туады.
- Осында алыс шетелден тарихшылар шақырылды. Мәселен, АҚШ, Франция ғалымдарын айтамыз. Әңгіме ауанын америкалық ғалымдарға неге бұрдық... Тарихшылар «батыстық ғалымдар тарихи оқиғаларды өздерінің мүддесі үшін бұрмалауға бейім тұрады», деп айыптайды.
- Дүние жаһандану үдерісінде. Посткеңестік тарихты талқылауды тек қана ТМД елдерінің тарихшыларымен шектеу мүмкін емес. Қытайда, АҚШ-та, Еуропалық Одақ мемлекеттерінде Қазақстанның, Ресейдің тарихын зерттеуге қызығушылық танытады. Оларды пікірталас аймағынан ығыстырып ұстау біздің тарапымыздан дұрыс болмайды. Керісінше батыстағы әріптестеріміз қандай пікірмен, қандай баяндамамен келді - осы қызықтырады біздерді. Қарап отырсақ, Астанада талқыға салынып жатқан тақырыптар батыс ғылымында саясиланып кеткендігі көзге көрініп тұр. Бұндай жағдай алаңдатады. Қайсыбір ғалымдар Қазақстанға, Ресейге келіп алып, тарихты қалай қорғау қажеттігін үйретіп кетуі де ықтимал ғой. Бұл адамның қайдан екендігіне де байланысты емес, ал оның ғылыми адалдығына байланысты болмақ. Дегенмен әлгіндей оқиғалар болып отырады, мен сізбен келісемін.
Орталық Азия бойынша маманданған мықты сарапшы Марта Олкоттпен тығыз қарым-қатынастамын. Ол кісімен көп әңгімелестім. Менің байқағаным, оның көзқарастары да эволюцияны бастан кешірген. Егер 90-шы жылдардың соңында ол Қазақстан туралы, оның билігі мен ұлттық элитасын қатты сынаған болса, енді Марта Олкотты қазір оқысаңыздар, оның Қазақстанға деген көзқарасының өзгергенін көреміз. Ғалым мемлекеттің дамуын, эволюциясын сезіне алса, оны өздерінің еңбектеріне объективті түрде түсіре алса құба құп. Әлемнің өзгерістерімен және үдерістерімен қатар жүріп, көзқарастарыңды өзгерте білу, сонымен қатар сенің пікірлерің жалғыз ғана шындық емес екендігін түйсіну аса маңызды.
- Ресей Федерациясында тарихты бұрмалау мәселесі қалай шешімін тауып келеді?
- Біздің елде Тарихты бұрмалауға қарсы комиссия құрылғаны белгілі. Бірақ бұл комиссия даулытақырыптарға ден қояды. Есіңізде болар, Ресей мен Украина арасында ашаршылық қырғынына байланысты тарихи қақтығыстар орын алғандығы. Комиссияның негізгі миссиясы осы сынды тарих оқиғаларының дұрыс берілуін, дұрыс интерпретациялануын қадағалау. Әсіресе көрші бауырлас елдердің арасында дау отының тұтануы қисынды емес.
Дегенмен мен сондай комиссиялардың қызметіне үлкен сақтықпен қараймын. Неге? Мысалы, Қазақстан үшін танымал бір тұлғаны алып қарайық. Мәселен, Ақсақ Темірді мысалға келтірсек. Қайсыбір елдерде ол фигураға жағымсыз, зілді сыни көзқараспен қарап, қиратушы ретінде қабылдайды. Басқа мемлекеттер оны ұлы қолбасшы, кемеңгер, орта ғасырдың баһадүрі деп атап, оған ескерткіштер орнатады. Елестетіп көріңізші, мысалы осы мемлекеттердің бірінде Ақсақ Темірдің атын сынап, оны мінеген адамдарды жазалайтын заң енгізілсе не болады? Ақсақ Темір бейнесінің әлемдік тарихта бұрмалануына қарсы комиссия құрылса ше? Бұл қадамдар, сіздің ойыңызша, өз әрекетін ақтайды ма? Комиссияның, мемлекеттің тарихқа араласуы аса қауіпті іс. Ресей бұл қадамға баруға мәжбүр болды. Себебі Еуропалық кеңестің парламенттік ассамблеясы (ЕКПА) сталинизмді айыптайтын және Украинаның бұрынғы Президенті Виктор Ющенконың аштыққа қатысты ойын жанама түрде қолдайтын қарар қабылдаған болатын. Дегенмен қандай жағдай болмасын осы іспеттес комиссияларды жақтайтындарының қатарында емеспін.
- Десек те аталмыш комиссияға саясаткерлер ғана емес, тарихшылар, сарапшылар мүшелік ететін болса керек?
- Иә, онда тарихшылар да, сарапшылар да бар. Олардың өздері комиссияның қызметі тек ғылыми принциптердің негізінде құрылсын деп талап қоюда. Тарих ол ең бастысы ғылым екендігін естен шығармауымыз керек. Мысалы, Катынь орманында поляк жауынгерлерін КСРО-ның Ішкі істер халық комиссариаты (НКВД) органдарының қызметкерлері аяусыз атып тастағандығы туралы жазатын тарихшылар бар. Керісінше, пікірге қарсы шығып, бұл немістердің жалған ақпараты деп сенетіндері де бар. Басқаша пікір ұстанатын тарихшыларды аластатуымыз қажет пе?! «Тарихшыға тарихшы араз» деген бар ғой. Тарих тарихшыларға қалдырайық.
- Саясат жеке, тарих жеке болуы қажет деп айтқыңыз келіп тұр ғой?
- Әрине. Бірақ мен қазіргі заманда саясат жеке, тарих жеке қағидасының сақталуы тіптен мүмкін емес екендігін түсінемін. Бірақ мен бұл пікірді әрдайым қостап өтем. Тарихпен ғылым ретінде айналысу үшін үстіндегілердің төбеден сілтеп, түртпектеп отыруына мүлдем жол бермеу қажет. Шынайы, әділ тарихшы үстіден қысым көрмейтін тарихшы. Ғалым Сергей Михаилович Соловьевке өз заманында ІІ Александр патшаның кеңсесінен телефон шалып, II Екатеринаның бейнесін дұрыс ашпадың деп отырған болса, қандай тарих жазылар еді?! Елестету өте қиын. Ғалым тарихи болжамдар мен талдаулар жасауға құқылы. Бірақ бұл талдау тарихты қасақана бұрмалаудың бір әрекеті болмасын. Бұның бәрі тарихшының және оның жұмыс жасап жатқан ортасының жеке арында қалады.
- Тарихты бұрмалаудың ең өрескел оқиғаларын айтып бере аласыз ба?
- Украинаның бұрынғы басшылығының ашаршылыққа қатысты мәлімдемелері - тарихты өз мүддеңе сай өзгертудің ең өрескел оқиғасы. Аштық бұл социоцид әрекеті. Социоцид дегеніміз - ұлт ерекшеліктеріне мүлдем қатысы жоқ, белгілі бір әлеуметтік тап өкілдерінің жойылуы. Украинаның бұрынғы басшылығы бұны геноцид әрекеті деп бағалады. Ашаршылық зұлматына сол кезде украиндықтардың көп бөлігі ұшырады деген уәж айтуда. Осы тұста мен Волга бойы, Киевтегі әріптестерімен кездесуде әрдайым Қазақстанды үлгі етемін. Голощекиннің ұжымдастыру саясаты кезінде Қазақстанның жағдайы да ерекше мүшкіл болды. Аштықтан қырылғандар мен Қытайға қоныстанып кеткендердің халықпен шаққандағы үлесі Украинаның үлес салмағынан әлдеқайда асып түседі. Сол ашаршылықта қазақтардың дені қаза болды. Орыстар мен украиндықтардың аштан өлгендерінен асып түседі. Бірақ мен қазақ кітаптарын оқи отырып, ол жерден КСРО Үкіметінің жасаған саясаты үшін Ресей Федерациясын айыптаған бірде бір сөз көрген жоқпын. Ол сталиндік режимнің үстем құрған кезі болатын. «Сталиндік машинаның» құғын-сүргіндік әрекеттері Ресей жерінде де, Украина жерінде де, Орталық Азия мемлекеттерінде де бірдей орын алып жатты. Сондықтан біздің Президент Дмитрий Медведев сталинизмді айыптай отырып, қатты-қатты сындар айтты. Дегенмен кешірім сұрау болған жоқ. Тарихи жауапкершілікті жалғыз Ресей ғана өз мойнына алуы керек па?!
- Ангела Меркельдің Мәскеудегі парадқа қатысуын, көптеген саясаттанушылар Ресей алдында жария түрде кешірім сұрау актісі деп бағалады. Есте болса, Ангела Меркель ханым Германия демократиялық республикасында туған. Сіздің бұл мәселеге қатысты ойыңыз қандай?
- Мен жақында Тәжікстан елінде болдым. Ол жақта аса танымал соғыс ардагерінің кітабы жарық көрген болатын. Оның үйінің ауласында Сталиннің мәрмәр мүсіні әлі күнге дейін тұр. Мен ол кісімен әңгімелесе отырып, оның Сталинге деген көзқарасының өзгермейтініне көз жеткіздім. Ел Президенті Имомали Рахмон бұл оқиғаға ешқандай қарсылық айтып немесе тыйым салуға белсенген емес. Ардагер-жазушы соғысқа «Отан үшін, Сталин үшін» барғанын нық сенеді. Оның бұл сенімін ешкім тартып ала алмас. Тарих, адамдардың белгілі бір идеалдарға сенімі және мемлекеттік саясат ұстанымдары деген бар. Қоғамның әртүрлі пікірлерімен санасу қажет. Бірақ олардың ішінде біреуіне бүйрек бұрып, айтқандарының жетегінде кете бару дұрыс емес.
- Ресей Федерациясының осы мәселеге қатысты ұстанымдары қандай?
- Сталиндік режимді Ресей Президенті Д. Медведев қатты сынға алды. Дегенмен саяси байыптардың себептеріне байланысты, сол тарихи оқиғалар үшін кешірім сұрау ешқашан болмайды. Ертең оның саяси салдарлары шығады. Басқа мемлекеттер бұл біздің тәубеге келуіміз деп қана қабылдамайды. Кезінде немістердің бастан кешіргеніндей, Ресейдің үстінен талап-арыздар түседі. ЕКПА-ның кезекті қарарлары жарияланып, бәрі осы аргументке сілтеме жасайды. Сосын тарихта болған саяси қылмыс үшін бүгінгі Ресей жауап беруіне тура келмек. Бұл адамның қисынды ойын қорлық ету. Мен бұл ойымды жекелеген адамдарға, мемлекеттерге теліп айтып отырғаным жоқ.
- ТМД елдері тарихшыларының осынау форумы қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған. Неге дәл осы тақырып таңдалды?
- Тақырып таңдауда пікірталастар көп болды. Форум тақырыбының атауына қатысты емес, ғылыми бағыттың таңдалуына қатысты. Дегенмен Қазақстан халықтарының ассамблеясы өз ұстанымында тұрды, және оның дәйектері қабылданды.
Бірер күндер бұрын Қазақстан Президенті қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен кездесті білем. Ол кездесуде Н. Назарбаевқа біздің қозғап отырған тақырыбымыз туралы сұрақ қойылыпты. «Өткен буынмен жасалған әрекеттерді, бүгінгі ұрпақ қалай қабылдауы тиіс?!» деген сынды. Сөз жоқ, Қазақстанның бүгінгі жасап отырған саясаты барлығымыздың атынан жасалған кешірім деуге болады. Әрине бұнда Нұрсұлтан Назарбаевтің да, қазақтардың да ешқандай қатысы жоқ. Бірақ Нұрсұлтан Назарбаев тарихи жадқа деген көзқарасы аса байыпты, толымды. Себебі ол осының бәрін өмірде көріп, өзінің өзегі арқылы өткізіп білген жан. Қазақтар жер аударылғандармен қоян-қолтық өмір сүрді. Немістермен, шешендермен, ингуштармен көп араласты. Сондықтан оның жастайынан қалыптасқан ұстанымдары жадында қатты сақталғаны соншалық, ол елдегі халықтардың проблемаларын бөле-жарып қарастырмайды. Қазақстанда олардың мәселесі әр уақыттарда жоғары мемлекеттік деңгейде көтерілуі Қазақстан басшысының еңбегі болса керек. Барлық посткеңестік елдерде Қазақстанда жер аударылғандар тақырыбының шынайы көрсетілуі жөнінде үлгі ретінде айтылады.