Станция қызметкерлері темір жол бөлшектерін металл қабылдау пунктіне өткізіп жіберген
АСТАНА. ҚазАқпарат - Жезқазған станциясындағы желілік полиция бөліміне жол бөлімдерінің біріндегі кезекшіден арыз келіп түсті. Онда 3 қазан күні «Жеңіс-Қызылжар» өткелінде белгісіз біреулердің 117 дана жоғарғы жол құрылым бөлшектерін, оның ішінде, 57-сі төсем, 25-сі балдақ және 35-сі вагондарды ұрлап кетуге қарсы құрылғыларының қолды болғаны айтылған. Бұл туралы Көліктегі ІІД баспасөз қызметі хабарлады.
Жедел-іздестіру шарасы барысында, көлік полицейлері Жеңіс станциясында Қарағанды облысының 5 тұрғынын ұстады. Күдіктілер алдын ала келісу арқылы жоғарыда аталған мүліктерді ұрлап, Жеңіс ауылындағы металл қабылдау пунктіне өткізген.
Тексеру барысында ұсталғандардың барлығы Жеңіс станциясындағы жол бөлімшесінің қызметкерлері екендігі анықталды. Ұрланған заттар тәркіленіп, келтірілген шығын көлемі анықталып жатыр.
Қазір осы фактіге сәйкес, ҚР ҚК-нің 175-бабы, яғни, ұрлық бойынша қылмыстық іс қозғалды, делінген хабарламада.