Starlink Қазақстанда ресми түрде іске қосылды
АСТАНА. KAZINFORM – 13 тамыздан бастап Starlink компаниясы Қазақстан аумағында ресми түрде спутниктік интернет қызметін ұсына бастады.

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, енді еліміздің тұрғындары SpaceX компаниясына тиесілі төмен орбиталық спутниктер желісі арқылы жоғары жылдамдықты және сенімді интернетке қосыла алады.
Еске сала кетсек, 2025 жылғы 12 маусымда ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Starlink компаниясы қызмет көрсету кезінде Қазақстан заңнамасын сақтауды міндеттейтін келісімге қол қойған болатын.
Starlink технологиясы шалғай және қолжетімдік төмен өңірлерде де тұрақты қосылымды қамтамасыз етіп, халыққа заманауи цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.
Негізгі тарифтер, қосылу шарттары және қосымша ақпарат SpaceX компаниясының ресми сайтында қолжетімді.