Starlink тарифі белгілі болды
АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстанда Starlink спутниктік интернеті ресми түрде іске қосылды. Қызметтің айлық тарифі 23 мың теңгеден басталса, терминал бағасы шамамен 104 мың теңге. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Досжан Мұсалиев Jibek Joly телеарнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасында мәлімдеді.

— Тарифтер мен құрылғы бағасы қолдану түріне байланысты өзгереді. Starlink қызметі жеке тұлғалармен қатар бизнес үшін де қолжетімді, — деді ол.
Сондай-ақ вице-министр ел аумағының үлкен болуына байланысты барлық өңірді кабельдік интернетпен қамту қиын екенін, сондықтан спутниктік шешім қажет екенін айтты. Қазіргі таңда бүкіл Қазақстан Starlink желісімен қамтылғанымен, шекара маңындағы кей жерлерде сигнал әлсіз болуы мүмкін.
Бұған дейін заңсыз әкелінген құрылғылар да тіркеуді талап етеді.
— Иелеріне құрылғыны заңдастыру үшін 60 күн уақыт беріледі. Әйтпесе, ол құрылғылар бұғатталады, — деді Мұсалиев.
Бұған дейін, Starlink Қазақстанда ресми түрде іске қосылғанын жазғанбыз.