Стати ісін жүргізген Bolashak Consulting компаниясының артында кім тұр – депутат сауалы
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс депутат Азат Перуашев атышулы Стати ісінде Қазақстан мүддесін қорғауға жауапты болған «Bolashak Consulting group» компаниясы туралы депутаттық сауал жолдап, Әділет министрі Азамат Есқараевтан аталған ұйымның артында кімдер тұрғанын жария етуді сұрады.

«Қазақстан 2010 жылдан бері молдавиялық олигархтар Анатол және Гарбиэл Статимен соттасып келе жатқаны белгілі. Соттасуға Қазақстан тарабының «Толкыннефтегаз» және «Казполмунай» ЖШС компанияларына тиесілі болған жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшартты салық заңнамасы мен келісімшарт шарттарының бұзылуына байланысты бұзуы түрткі болды. Осылайша «Толқын» және «Боранкөл» кеніштері «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның басқаруына өтті.
Статилер компаниясының қызметі Қазақстан экономикасына 140 млрд доллардан астам шығын келтірді деп есептелінеді. Ашық көздерде аталған компаниялардың құны 500 млн доллар төңірегінде болғаны жазылып жүр. Алайда, Статилер өз шығындарын 4 млрд доллар деп бағалап, Стокгольм төрелік сотына шағым түсіріп, 544 млн доллар өндіруге қол жеткізді», - дейді Азат Перуашев.
Оның сөзінше, аталған шешім негізінде бірқатар елдерде Қазақстанның Ұлттық банкі мен Ұлттық қорына тиесілі 22 млрд доллардың активтері, сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» акциялары бұғатталған еді.
«2019 жылы Брюссельдегі сот Ұлттық қордың 21,5 млрд доллар активін бұғаттан босатты. Қалған қаражатты бұғаттан шығару ағылшын соттарында ғана мүмкін екені туралы қаулы да шығарды.
2023 жылы Нидерланд Жоғары соты Қашаған жобасының 4 млрд доллар көлеміндегі акциясын бұғаттан босатты. Сондай-ақ, Статилер түсірген шағым бойынша Англия, Бельгия, Люксембург, Нидерланд және АҚШ елдерінде қазақстандық активтер бойынша маңызды шешімдер қабылданды.
Дегенмен, Стокгольм төрелік сотының Қазақтан тарабын Статилерге 544 млн доллар төлеуді міндеттейтін шешімі кері қайтарылған жоқ», - деді депутат.
Мәжіліс өкілі кейбір БАҚ аталған сот ауыртпалықтарына Қазақстан тарабы жұмсаған шығын Статилер талап етіп жүрген сомадан екі есеасып кеткенін жазып жүргенін еске салды.
«Сонымен бірге аталған дауда Қазақстан мүддесін қорғаған «Bolashak Consulting group» заңгерлік компаниясы жүргізген жұмыстың тиімділігі ғана емес, қаржылық парасаттылығы да күмән туғызады. Кейбір деректер бойынша, аталған компанияның қызметі қазақстандық салық төлеушілер үшін жылына 60 млн долларға түскен.
Статилер ісі 14 жылға созылып келе жатқанын ескерсек, аталған компания құрылтайшыларының қалтасынан жүздеген миллион доллар түскенін пайымдауға болады. Кейбір мәліметтер бойынша, бұл компанияның құрылтайшылары Ескі Қазақстан шенеуніктерінің аффилирленген өкілдері болуы мүмкін.
Әділет министрлігі қазір ол компанияның қызметінен бас тартқанын мәлім етті. Дегенмен, «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» дейтіндей жағдай болып тұр.
Қазақстан бұл іске қанша ақша шығындады және бұл Статилер сұрап жүрген соманың неше пайызына тең? «Bolashak Consulting group» компаниясы осы соманың қаншасын иеленді және оның артында кімдер тұр? Осы компанияның әрекеті мемлекетке шығын келтіру ретінде қаралып жатыр ма және ол ақшаны заңсыз активтерді қайтару аясында өндіріп алу шаралары қабылданып жатыр ма? Осы іс бойынша қандай мүліктерге бұғат қойылған», - делінген депуттатық сауалда.