Статистика жай ғана «статистика үшін» болмағаны абзал...
Оның үстіне Қазақстан ұзақ мерзімді жоспарларды, бесжылдық шараларды жүзеге асыруды қолға алып келеді. Әсіресе, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында статистика саласының атқарар жүгі өте ауыр. Онсыз болашақ индустрияландыруды сапалы жүзеге асыру, өндіріс ошақтарын дұрыс орналастырып, оны кадрмен қамту әсте мүмкін болмас еді. Сонымен қатар, статистика саласының ең негізгі міндеті - халықтың жағдайын жақсартуға қатысты қандай іс-шаралар жасалуы тиістігін айқындап көрсету. Ал қолда нақты деректер болмаса мемлекеттік даму жолын да, халықтың жағдайын да айқындау мүмкін емес. Сондықтан да, болашағын көбірек ойлаған билік ең әуелі статистика саласына баса мән беруді қолға алады.
Қазақстанда соңғы кезеңдері статистика саласында үлкен шаралар атқарылды. Тәуелсіздіктен бері қарай екі мәрте ұлттық санақ жүзеге асты. Дегенмен, халық арасында соңғы санаққа, сондай-ақ ағымдағы ай сайынғы статистика органдары ұсынып жатқан мәліметтерге қатысты айтылар сын көбірек орын алып келгені жасырын емес. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен Үкімет сағаты барысында да осыған ұқсас сындар депутаттар тарапынан да айтылды.
Әуелгі мәселе былтырғы жылғы өткізілген жалпыұлттық санаққа қатысты. Депутаттар сауалына жауап берген Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2009 жылы жүргізілген ұлттық санақ мәліметтерін толық өңдеп, оны жариялау үшін биылғы бюджеттен қосымша 61,7 млн. теңге қажет етіледі екен. Тоқтала кететін жайт, ағымдағы жылғы ақпанның басында былтырғы халық санағының қысқаша қорытындысы жарияланып, онда еліміздегі жалпы халықтың саны, халықтың ұлттық құрамы, қалалық және ауылдық жердегі тұрғындар, ерлер мен әйелдер саны туралы мәліметтер берілген. Жақында санақтың келесі қорытындысы жарыққа шығып, бұнда азаматтардың діни ұстанымы, азаматтығы, мемлекеттік тілді меңгеруі, халықтың өңірлерде орналасуы, өңірлердегі ұлттық құрамдар туралы мәліметтер қамтылады. «2009 жылы жүргізілген ұлттық санақ қорытындысының кешігуі бірқатар себептерге байланысты орын алып отыр. Мәселен, былтырғы жылы қорытындыларды бағалау жұмыстары толық аяқталмай қалды. Бұдан бөлек, мәліметтерді өңдеу бойынша бағдарламада кемшіліктер орын алды, біз бұның бірқатарын қайта жазып шықтық. Сондай-ақ, былтыр осы мақсатқа бөлінген 4 млрд. 200 млн. теңгенің 1 млрд. теңгеге жуығы бюджетке қайтарылып берілді. Ең басты мәселе - әлі күнге дейін ағымдағы жыл бойынша былтырғы ұлттық санақ мәліметтерін өңдеуді қаржыландыруға қаражат бөлінбей отыр. Статистикалық жинақтарды баспадан шығаруға биылғы бюджеттен бар жоғы 19 млн. теңге бөлінген болатын, бірақ қалған мәліметтерді өңдеу, оларды кестелеп шығаруға қаражат қарастырылмады», деді Агенттік төрағасы.
Сөйтіп, он жылда бір рет өтетін ұлттық санаққа қыруар қаржы жұмсалғанымен, оның нәтижесі әлі толық жарияланбай отыр. Агенттіктің бұрынғы басшысына қатысты даудың да бұған кедегі болып отырғанын жоққа шығаруға болмайды. Сонымен бірге, есте болса былтырғы санаққа қатысты бір жылдың ішінде алдын ала мәліметтер ресми басшылықтағы тұлғалар тарапынан үш мәрте жарияланып еді, ең соңғы агентіктің қорытындысында сәл-пәл ауытқулар орын алды. Ендеше бұның бәрін бір ғана ұйымдастырушылық тараптан кеткен кемшілікке балауға да болмайтыны айқын білінуде.
Депутаттар көтерген екінші бір мәселе статистикалық мәліметтердің шынайылығына, көңілге қонымдылығына қатысты болып отыр. «Мәселен, орташа жалақыны алайық. Бұл нені сипаттап, нені білдіреді? Айталық, шахтерларға, металлургтерге кездесуге барсақ, олар еліміздегі орташа жалақы мөлшерін мүлдем түсінбейді, ондағы көрсеткішке сенімсіздікпен қарайды. Тура сол секілді дәрігерлер мен мұғалімдерді де ондай көрсеткіштерге иландыру тіпті қиын. Сондықтан да, біздің шынайы, нақты өмірімізді көрсететін статистикалық деректер жарияланса. Бұдан бөлек, жұртшылық жылдық инфляция деңгейін де күнделікті жағдайдан алшақ деп түсініп отыр», дейді депутат В. Нехорошев.
Ал агенттік төрағасы Әлихан Смайылов орташа жалақы көрсеткішін дұрыс түсініп, пайдалануға кеңес береді. «Орташа жалақы - республикамыздың жалпы әлеуметтік-экономикалық жағдайын сипаттайтын макрокөрсеткіштердің бірі. Қазіргі таңда біз әрбір салаға қатысты орташа жалақыны көрсетіп беріп келеміз, бұндай көрсеткіштер кез-келген өңірлер мен нақты экономикалық қызмет түрлеріне қарай белгіленген. Осыны дұрыс түсініп, пайдаланған жөн», дейді Төраға. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстандағы статистикалық мәліметтердің барлығы халықаралық талаптарға сай жүргізіліп келеді. «Қазақстандағы инфляция елдің 11 мыңға тарта нүктесінде, 580 тауарлар мен қызметтер түрі бойынша жүргізіледі. 120 мыңға тарта тіркеу жазбалары жүзеге асады. Ең бастысы біздің әдісіміз Халықаралық валюта қорының бекіткен әдісі бойынша жүзеге асады. Аталмыш қор жыл сайын өзінің миссиясы аясында біздің есептеріміздің халықаралық стандарттарға сәйкестігін толық тексеріп шығады», деп сендіреді Ә. Смайылов.
Жалпы, жиын барысында депутаттардың басым бөлігі «Статистика агенттігінің мәліметтеріне сенеміз бе, сенбейміз бе», дегенге саятын, яғни әділдік принципіне қатысты мәселелерді көтерді. Бұндай сауалдың туындауы да бекер емес. Өйткені, қазір елімізде жүзеге асып жатқан шаралардан тек «статистика үшін» істелген шаралар анықталып жатыр. Бұның бір парасын Есеп комитеті жақында жариялаған болатын.
Тобықтай түйіндейтін болсақ, статистика арқылы көп мәселенің байыбына баруға болады. Ең бастысы, осы сала арқылы бүгінгі қазақтың қандай күй кешіп отырғанын да көз алдыға елестетер едік. Мәселен, қазақ халқының өлім-жітімі, тууынан бастап, мемлекет құраушы ұлттың тұрмыстық деңгейі, жастардың қылмыстық істері, олардың арасында кеңінен тараған аурулар түрін қазіргі статистикадан табу қиын. Тәуелсіздік қазаққа не берді, деген сауалды да осы статистика арқылы білуге болар еді. Бір сөзбен айтқанда, қазақтардың меншігінде қанша жер, қанша малы бар, қаншасы жұмыссыз екенін біліп отырудың өзі көп жайтты аңғартатыны сөзсіз. Сондықтан да, жергілікті әкім-қаралардан бастап статистика органдарына дейін «әншейін статистика үшін» емес «сапалы статистика үшін» жұмыс істеуі елімізге ауадай қажет.