Стенд атудан Қазақстан құрамасы жаңа маусымға дайындығын бастады
АСТАНА. KAZINFORM - Эль-Кувейт қаласында Қазақстан құрамасының стенд атудан оқу-жаттығу жиыны басталды.

Ұлттық олимпиадалық комитеттің мәліметінше, бұл жиынға ұлттық құраманың 42 спортшысы қатысып жатыр.
Спортшылар техникалық қателіктерді жою мақсатында заманауи әдістемелер мен жабдықтарды қолдана отырып жұмыс істейді. Бұл олардың шеберліктерін арттыруға көмектеседі. Жас атушыларға ерекше назар аударылып, оларға болашақта дамуға жағдай жасалуда.
Бағдарламаға жарыс жағдайына жақын оқу-жаттығулар да кіріп, күйзеліске төзімділікті нығайтуға ықпал етеді. Оған қоса, спортшылар күш пен төзімділікті дамытуға бағытталған физикалық дайындықтан, сондай-ақ пайдалы витаминдер, массаж, медитация және моншаға бару сынды оңалту шараларынан өтеді.
Айта кетейік, оқу-жаттығу жиыны 13 ақпанға дейін жалғасады.
Бұған дейін Қытайда өтіп жатқан Қысқы Азия ойындарында шайбалы хоккейден Қазақстан әйелдер құрамасы Гонконгты ойсырата жеңгенін хабарлаған едік.