18:13, 23 Ақпан 2009 | GMT +5
Степногор қаласын сумен қамту мәселесі республикалық деңгейде шешімін табуы қажет
КӨКШЕТАУ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Ақмола облысының әкімі Альберт Рау өткен аптада апатты жағдай қалыптасқан Степногор қаласын су және жылумен қамтамасыз етуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстар турасында республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерімен пікір алмасты,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.Апта бойы аймақтың өндірісті қаласының тұрғындары ауызсу және қалыпты жылудың зардабын тартып, әуре-сарсаңға түскен болатын. Апатты жағдайды өз бақылауына алған облыс басшысы Слеті су қоймасының 60-шы жылдары іске қосылып, ұзындығы 74 шақырым құбыр тартылып, содан бері күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмегендігін, нәтижесінде 7-ші, 16-шы, 20-сыншы шақырымдарда құбырлардың қалыпты жұмысы бұзылып, 30-35 градустық қақаған аязда тәулік бойы оларды жөндеуге тура келгендігін атап көрсетті. Өткен жылы қаланың коммуналдық шаруашылығының ағымдағы жөндеу шараларына жүз миллион теңге бөлінген. Жалпы, өңірдің әлеуметтік маңызды нысанының талап деңгейінде жұмыс істеп тұруын қамтамасыз етуге 7 миллиард теңге көлемінде қаржы қажет көрінеді. Сондықтан да бұл іске мемлекеттік тұрғыда қамқорлықтың қажеттігі туып отыр. Қыстың көзі қырауда су құбырының істен шығуы қаланың жылу электр стансасының қалыпты жұмысына кері әсер еткен. Мұның өзі, сайып келгенде, көп қабатты үйлерге, кәсіпорындар мен мекемелерге жылуды мөлшерлеп беру арқылы мектептер мен ауруханалардың қажеттігін қамтуға тура келген. Бұл арада қаладағы «Қазақалтын», «Тау-кен комбинаты», «Джет-7» кәсіпорындары барлық жағдайды жасап, апатты ретке келтіруге үлкен қолқабыс көрсетті. Техникалық көмек пен білікті мамандар жергілікті ұйымдар мен кәсіпорындардан бөлініп, істің жедел әрі сапалы шешімін табуға себепкер болды. Апта бойы құтыға құйылған 291тонна ауызсу, оның ішінде 21 тоннасы аз қамтылған отбасыларына Көкшетау қаласынан тегін жеткізіліп тұрды. Сонымен қатар су таситын 17 техника іске жұмылдырылды. Облыс әкімінен баспасөз өкілдері су құбырын жаңарту, оның құрамдас бөлшектерін алмастыру, бұл іске дер кезінде назар аударылмаудың себептері, жалпы өңірдегі шағын қалалардың су, жылу, кәріздік жүйелерінің қалыпты жұмысын қаматамасыз ету жайы, апатты жағдайға жауапты лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту сынды туындаған сауалдарына нақтылы жауап алды.