Степногорда шейіт болған полиция қызметкерлеріне арналған ескерткіш ашылды
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - ҚР Тəуелсіздігінің 25 жылдығына орай Степногор қаласында қызметтік парызын орындау кезінде шейіт болған полиция қызметкерлеріне арналған ескерткіш ашылды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Степногор қаласы əкімінің орынбасары Сағандық Шабаров, қалалық мəслихат хатшысы Ғалия Көпеева, "Нұр Отан" партиясының қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қажымұрат Шəкенов жəне жергілікті құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен марқұм болған полицейлердің туған-туыстары қатысты.
"...Қоғамдық тəртіп сақтауда, азаматтарымыздың бейбіт, тыныш өмір сүруі үшін өз өмірлерін сарп еткен əріптестеріміздің ерлігі ешқан ұмытылмайды. Олардың ерлігі келешек ұрпақ үшін үлгі-өнеге...", деді ІІБ басшысы, полиция полковнигі Қанат Нұрмағамбетов өз сөзінде.
Шара барысында құқық қорғау органдарының ардагерлері де сөз алып, шейіт болған полицейлердің атына жылы сөздерін арнады.
Смағұл Төлегенұлы Төлегенов, 1953 жылы 15 ақпанда, Омбы облысы, Оконешниковский ауданының, Большой Куст ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін Целиноград зооветеринарлық техникумына оқуға түседі. 1973 жылы оқуды бітіргеннен кейін Кеңес Армиясы қатарына шақырылады. Әскери борышын өтеп келгеннен кейін, мамандығы бойынша жұмыс істеді. 1982 жылы ішкі істер органдары қызметіне орналасты.
Өзінің қызметтік жолын Целиноград облысы Сілеті аудандық атқару комитеті, ішкі істер бөлімінің милиционері лауазымынан бастады. 1983 жылы Смағұл Төлегенұлы Целиноград облысы, Сілеті АІІБ медициналық айықтырғышы профилактика кабинетінің бастығы лауазымына тағайындалады. 1990 жылы Смағұл Төлегенұлының жұмыс тəжірибесін, оның жеке қасиеттері ескеріліп, Сілеті АІІБ Бестөбе АПБ бастығы лауазымына тағайындалды. Қызмет атқару кезінде Смағұл Төлегенұлы өзін сауатты, ұқыпты қызметкер, талапшыл басшы ретінде көрсете білді.
Əріптестерінің арасында құрметті жəне беделді болған. Ішкі істер органдарында қызмет атқарған кезінде бірнеше рет облыс ІІБ басшылығы тарапынан марапатталған.
1995 жылы 23 қыркүйекте бұзақылық əрекеттің жолын кесу кезінде Смағұл Төлегенұлы атыс жарақатынан қаза тапты.
Қайрат Хабдразақұлы Жүсібаев полиция саласына 2003 жылы келді. 2010 жылы Степногор қалалық ІІБ қызметке тағайындайды. 2012 жылдың 18 қазанында қызмет үстінде мерт болды.