Степногордағы химиялық препараттар шығаратын зауыт өнім түрін көбейтуде

Еліміздің ауыл шаруашылығы саласымен тығыз байланыстағы кәсіпорын бәсекеге қабілеттілігін осылайша арттыра түспек. Айта кету керек, бұл жоба аймақтың Индустрияландыру картасы аясында 2011 жылы іске қосылып, оған жарты млрд теңге қаржы жұмсалған болатын.
Степногорлық Александр Никифоров мұнда 2012 жылдан бері еңбек етіп келеді. Зауыттың есебінен ол жыл сайын біліктілігін арттырып, білгенін жастарға үйретіп жүр. Өндіріс ошағында жалпы 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өндірістің қызған шағында кәсіпорындағылар «тағы 100 шақты жергілікті тұрғынды уақытша еңбекке тартамыз» дейді.
«Кәсіпорын тұрақты және жақсы дамыған. Жалақымыз да жаман емес. Мұнда жұмысшылардың біліктілігіне көп мән беріледі. Мәселен, өткен жылы біз Алматыға барып, 2 ай оқып келдік. Мен осындай іргелі зауытта жұмыс істейтініме қуаныштымын», - дейді Александр Никифоров.
Ашылғалы бері зауыт 17 млн. литр өнім өндірген. Ал қазір кәсіпорын жылына 15 млн литр препарат шығаруға қауқарлы. Себебі өнім түрі көбейген. Айталық, осыдан 3-4 жыл бұрын мұнда тек 10 түрлі ғана өнім шығарылса, бүгінде 24 түрлі препарат дайындалады. Биыл зауыт өнімнің тағы бір жаңа түрін қолға алмақшы. Аталған жобаға шамамен 200 млн. теңге инвестиция тартылмақ, деп жазады 24.kz.