Стокгольмде Нобель сыйлығы табысталды
АСТАНА. KAZINFORM — Швеция астанасы Стокгольмде физика, медицина, химия, экономика және әдебиет саласындағы 2025 жылғы Нобель сыйлығын табыстау рәсімі өтті, деп жазды Анадолы агенттігі.
Стокгольм концерт залында (Konsert Huset) өткен шараға Швецияның корольдік отбасы мүшелері, премьер-министр Ульф Кристерссон, министрлер, партия өкілдері, шетелдік делегациялар, сыйлық лауреаттары және көптеген қонақтар қатысты.
Сыйлықтарды Швеция королі Карл XVI Густав табыс етті.
Лауреаттар:
-
Физика саласы: Джон Кларк, Мишель Деворе, Джон Мартинис
-
Химия саласы: Сусуму Китагава, Ричард Робсон, Омар М. Яги
-
Медицина саласы: Мэри Бранкоу, Фред Рамсделл, Шимон Сакагучи
-
Экономика саласы: Джоэл Мокир, Филипп Агион, Питер Хауитт
-
Әдебиет саласы: Ласло Краснахоркаи
Лауреаттар диплом, Нобель медалі және 11 миллион швед кроны сомасындағы ақшалай сыйлық алды.
Климаттық өзгерістерге қарсы наразылық
Концерт залы алдында жиналған 100 белсенді Нобель сыйлығын қаржыландыратын компаниялар табиғатқа және ормандарға зиян келтіріп, пайда табатынын айтты.
Белсенділер шара барысында «Әлемімізді ластауын тоқтатыңдар» деген ұран айтқан.
Мачадо құрметіне дәстүрлі факел шеруі өткізілмеді
2025 жылғы бейбітшілік Нобель сыйлығының лауреаты Мария Корина Мачадо рәсімге келе алмады. Сол себепті сыйлықты оның атынан қызы Ана Корина Соса алды. Рәсім Норвегия астанасы Ослода өтті.
Венесуэла оппозициялық саяси қайраткері Мачадо Израильдің Газадағы әрекеттерін қолдағаны үшін сынға ұшырады. Сол себепті Норвегиялық бейбітшілік кеңесі дәстүрлі факел шеруін өткізбеді.
Кеңес мәлімдемесінде Мачадоның «Норвегиялық бейбітшілік кеңесі әрі оған мүше ұйымдардың құндылығына сай келмейтіні» айтылды.